«Көптеген пышақ іздері бар үш ер адамның мәйіттері Әулиекөл ауданындағы ауылдардың бірінде жер үйден табылған еді. Әрбір жәбірленушінің денесінен 20-дан астам пышақ жарақаттары табылды», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Аталмыш қылмысты тергеу үшін Қостанай облысының ІІД мен Әулиекөл аудандық ішкі істер органының ең тәжірибелі деген қызметкерлерінен арнайы жедел іздестіру тобы құрылды. Ауыр қылмыс жасаған күдіктілер ретінде 19 бен 21 жастағы екі жергілікті тұрғын кісі өлімінен кейін бірнеше сағат өткен соң тұтқындалған.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, еш жерде жұмыс істемейтін және оқымайтын жас жігіттер мас қалыптарында ауылдастарына барған. Үйде үш ер адам болған: 43 жастағы үй иесі мен оның екі досы. Спирттік ішімдіктерді ішу кезінде жас жігіттердің арасында жанжал туындаған. 19 жастағы қонақ үстелдегі пышақты жұлып алып, дастархан басында отырғандардың бірін бірнеше жерден жарақаттаған. Төбелес кезінде екі еркек өлтірілген. Осы сәтте туындаған айқай-шуға елеңдеп көрші бөлмеден үй иесі шыққан. Күдіктілер оны да өлтірген.
Әулиекөл аудандық ішкі істер органының бастығының орынбасары полиция капитаны Нұрлан Арыстановтың айтуынша, қылмыс жасалғаннан кейін жігіттер мүрделерді бір бөлмеге жинап кетуге ыңғайланған. Осы сәтте біреулер есікті тоқпақтай бастаған. Қылмыс жасалған үйдің жанынан өтіп бара жатқан екі ер адам үй иесімен жүздесе кетпек болған.
Үйдің кіре берісіне жасырынған күдіктілер кіріп келгендерге шабуыл жасаған. Алайда, ер адамдар қарсылық көрсетіп, шабуылшыларды қарусыздандырған. Үйге кіргеннен кейін қан-жоса болған жандарды көріп, олар сол арада полиция қызметкерлерін шақырған, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96 бабы 2 тармағы, «а» тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті