Жарияланды: 830

ҚР әділет министрлігі парламентке енгізілетін барлық заң жобаларына сараптама жасауды заңдастыруды ұсынады

ҚР әділет министрлігі парламентке енгізілетін барлық заң жобаларына сараптама жасауды заңдастыруды ұсынады. Бұл туралы 2-ақпанда Астанада ҚР президентінің әкімшілігі төрағасының орынбасары, мемлекеттік-құқықтық бөлімнің жетекшісі Игорь Роговтың төрағалығымен өткен жұмыс тобының отырысында ҚР әділет министрі Оңалсын Жұмабеков хабарлады.

Оның айтуынша, бастапқыда Конституциялық заңдар мен кодекстердің, сондай-ақ, оларға енгізілетін түзетулердің жобасын сараптамадан өткізу ұсынылған. " Заң жобаларына ғылыми сараптама жасауды елімізде қолданысқа енгізуге қажеттілік арта түсті",- дейді министр. Заң жобалау жұмыстарының жоспарына тоқталған О.Жұмабековтың түсініктемесіне жүгінсек, 2003-жылы ҚР үкіметі 46 заң жобасын жасап , парламенттің талқысына ұсынуды межелепті. Жыл бойына министрлер кабинетінің шешімімен 9 заң жобасы жоспардан алынған. Сөйтіп, 2003-жылдың 31-желтоқсанына дейін түзетулер негізінде парламентке 37 заң жобасы түсуі тиіс болатын. Алайда, министрдің айтуынша, 2003-жылы парламентке 35 заң жобасы ұсынылды. Атап айтсақ, "ҚР Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық Кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы", "Инвестициялық қорлар туралы" заң жобалары парламентке ұсынылмай қалды. О.Жұмабековтың хабарлауынша, 2003-жылы ҚР әділет министрлігінің келісімін алу үшін 102 заң жобасы, ал әділет сараптамасына 233 заң жобасы келіп түскен, олардың арасынан 10 заң жобасына келісім берілген жоқ. Сәйкессіздікке және заң мәтінінің бұрмалануына байланысты 4 заң жобасы мәжілістен кері қайтарылды деді ол. Нақтырақ айтсақ, "Кәмелеттік жасқа жетпегендер арасындағы құқық бұзушылықтың және балалардың панасыз қалуының алдын алу", "Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" , "Кредиттік бюро туралы және несиелік тарих-баянды қалыптастыру туралы", "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге азаматтарды қатыстыру туралы" заңдар кері қайтарылған. О.Жұмабековтың пікірінше, заң жобаларының сапасыздығы "бірінші кезекте заңды жобалаушылардың өздерінің дәйекті қаржылық-экономикалық есептер жасамауға байланысты жобалау барысында кемшіліктрге жол беруіне" байланысты болмақ. "Тәжірибе жүзінде заң жобасының тұжырымдамалық мән-мазмұны дәйектелмей-ақ, бірден мәтіні жазылады",- деді министр. Оның айтуынша, "еліміздің заңнамалық құжаттарның негізгі бөлігі қалыптасып үлгерді, соған қарамастан жобаланатын заңдардың саны азаяр емес. Бірақ көп жағдайда олар асығыс-үсігіс жасалады". Дейтұрғанмен, О.Жұмабековтың пікірінше, заң жобасын жасау процессін кешеуілдету одан да жиірек кездеседі. "Мәселенің түйінін жедел талқылап, бірлескен позицияны айқындаудың орнына, мемлекеттік мекемелер көп жағдайда өзара жасанды хат жазысумен жиі айналысады",- деді министр. Оның айтуынша, "соның салдарынан заң жобалары әділет министрлігі онсыз да кем-кетігін толықтырады деген үмітпен толыққанды дәйектелмей, шикі күйде келеді". "Министрлік тек заң жобасының құқықтық рәсімделуіне ғана ықпал жасай алады. Ал оны мән-мазмұнмен байыту министрліктің міндеті емес",- деді О.Жұмабеков. Қорыта келгенде, министрдің пікірінше, заң тұжырымдамасының өзіне сараптама жасау "заңнамалардың тұрақтылығына түрткі болып, ешбір негіздемесіз ұсынылатын заң жобаларының санын азайтуы тиіс". Сондай-ақ, министрдің хабарлауынша, мемлекеттік тілдегі әділет терминологиясын қолдануды бір жүйеге түсіріп, біріздендіру үшін ҚР әділет және қаржы министрліктері терминдер сөздігін шығарды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін