Жарияланды: 1200

ҚР әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы мен оның екі орынбасары жұмыстан шығу туралы өтініш берді

Бүгін, 25-ақпанда Астанада ҚР әділет министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде "ҚР әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Нұрлан Смағұлов пен мен оның екі орынбасары- Бақытжан Бекетаев пен Сергей Тимоховичтің жұмыстан шығу туралы өтініші қарауға қабылданды". Бұл туралы журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР әділет министрі Оңалсын Жұмабеков хабарлады.

Сондай-ақ, алқа мәжілісі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қостанай облыстық басқармасының бастығы Василий Климентьевті, оның орынбасары Сергей Громченконы, УК-161/12 түзету мекемесінің бастығы Марат Жетмеков пен оның орынбасары Жан Хамитовты жұмыстан босату туралы бұйрықтың жобасын мақұлдады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 4-ақпанда КТК телеарнасында Арқалық түрмесіндегі екі жазасын өтеушіні соққыға жығу оқиғасы көрсетілген болатын. Қамаудағыларды ұрып-соғу көрінісі жасырын камерамен түсіріп алынған. Төтенше оқиғаның егжей-тегжейін анықтау үшін Арқалыққа ҚР әділет министрлігінің, ҚР бас прокуратурасы мен облыстық прокуратураның өкілдерінен құралған комиссия шықты. Тексеру барысында 4 түрме қызметкерінің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің "арнайы құралдар немесе күш қолдану арқылы билігі мен лауазымдық құзырын асыра пайдалану " жөніндегі 308-бабы, 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. "2004-жылдың 11-қаңтарында Арқалық түрмесінде болған қамаудағыларды ұрып-соғу оқиғасынан тапсырыс исі аңқып тұрса да, түрме қызметкерлерінің әрекетінен қылмыстық құрам анықталғандықтан, оған қатысты ақырғы шешімді алдын-ала тергеу органдары мен сот шығарады",- деді О.Жұмабеков. Оның айтуынша, 2003-жылы Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 674 қызметкер жұмыстан шығарылған, соның ішінде 42 адам кері себептермен орнын босатты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін