Жарияланды: 480

ҚР ІІМ мен Экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттігінің құрылымында іздестіру бөлімшелері құрылуы тиіс - ҚР бас прокурорының орынбасары

ҚР ІІМ мен Экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі агенттігінің құрылымында іздестіру шараларымен дербес айналысатын бөлімшелер құрылуы тиіс. Бұл туралы бүгін, 24-ақпанда Астанада ҚР бас прокурорының орынбасары Әбдірашит Жүкенов пікір білдірді. Қолға түспей із жасырып кеткен қылмыскерлерді іздестіру тиімділігіне және осындай адамдарға қатысты қылмыстық істерді тексеруді тоқтатуда заңдылықтың сақталу жайына қатысты ҚР бас

прокуратурасының алқа мәжілісінде ол осындай пікірімен бөлісті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі. "ҚР ІІМ мен Агенттіктің қылмыскерлерді іздестіру саласындағы жұмыс сапасы қазіргі заман талабына сай келмейтінін біз мойындаймыз",- деді Ә.Жүкенов. "Қылмыскерлердің кейбір бөлігінің ұсталмай, жаза жүктемей кетуіне құқық қорғау мекемелерінің немқұрайдылығы әсер етіп отыр",- дейді ол. Бас прокурор орынбасарының пікірінше, еліміз бойынша тіркелген қылмыстар санының азаю факторы іздестіру тиімділігін арттыруға түрткі болуы тиіс. Алайда, прокуратура мәліметіне сәйкес, бұған дейін іздеу жарияланған адамдардың ұсталу көрсеткіші 2003-жылы 2002-жылғымен салыстырғанда 2,1 процентке азайған. Прокуратурадағылардың пікірінше, бұған басты себеп - ІІМ мен Агенттік құрылымында іздестіру шараларымен арнайы мамандандырылмаған бөлімшелердің айналысуында болмақ. "Олар үшін іздестіру шараларын кейінгі орынға қарай ысыра салу әдетке айналған",- деді Ә.Жүкенов. Прокуратура ақпаратына сәйкес, 2003-жылы іздеуде жүрген 9977 адам ұсталды. Олардың арасында кісі өліміне қатысы бар күдіктілер санатындағы 89, кісі зорлаған 61, тонаушылық және қарақшылық шабуыл оқиғаларына қатысы бар 69 күдікті бар. 2003-жыл басындағы жағдаймен іздеудегі қылмыскерлер санатында 13929 адам болды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін