Жарияланды: 520

ҚР ІІМ тергеу абақтылары мен уақытша тергеу қапастарында отырғандардың құқығын қорғауда айтарлықтай табысқа қол жеткізді - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы

ҚР ІІМ тергеу абақтылары мен уақытша тергеу қапастарында отырғандардың құқығын қорғауды қамтамасыз етуде айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бұл туралы бүгін, 22-қазанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы орталығының Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының үйлестірушісі Дмитрий Нұрымов осындай пікір білдірді.

Д.Нұрымовтың айтуынша, бұл саладағы басты табысқа тергеу абақтыларының ғимараты мен мекен-жайларын жөндеу, оларды замана талабына сәйкестендіру, тұтқындар мен уақытша қамауда отырғандардың ахуалын жақсарту нәтижесінде қол жеткізілген. Д.Нұрымов тергеу абақтыларының біраз бөлігі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының стандарттарына жақындап қалғанын, немесе бұл стандартқа толыққанды сәйкесетіндігін мойындайтындай деңгейге жеткенін хабарлады. Алайда, болашақта шешілуі тиіс кейбір проблемалар да жоқ емес. Бұл негізінен тергеу абақтысында отырғандардың құқығын полицейлер тарапынан сақтауға бағытталған. Ол осы орайда, тергеу абақтыларында отырған күдіктілерді ұрып-соғып азаптауға қатысты ақпараттардың арагідік БАҚ-тарға жетіп жататынын атап көрсетті. Д.Нұрымовтың айтуынша, ІІМ-нің басшылығы тарапынан осындай деректерді тексеру жұмыстары жүргізілгенімен, мұндай тергеулер көп жағдайда жеріне жеткізіле тексерілмейді, ал азын-аулақ нәтиже шыққан күннің өзінде айыпты адамдарға жүктелетін жаза тым жеңіл. ҚР ІІМ-нің тергелуші тұтқындар мен күдіктілерді алдын-ала оқшаулау департаментінің төрағасы Мақсұт Баймұхамбетовтың айтуына қарағанда, ҚР ІІМ басшылығының күш-жігері арқасында тергеу абақтылары мен уақытша тергеу қапастарында отырғандардың ахуалы тұрақты жақсарып келеді. Атап айтсақ, қазір уақытша кідіртілгендер мен тұтқындарды күніне үш мәрте тамақтандыру үрдісі жолға қойылды. Бұған дейін тергеу абақтылары мен уақытша тергеу қапастарында қамауда отырғандар бір мәрте ғана тамақ ішетін. 2004-жылдың 1-қаңтарынан бастап тұтқындар ҚР Қарулы күштерінде борышын өтеуші жауынгерлерге белгіленген нормативке сәйкес тамақтанатын болады. Еліміздің соттары мен прокуратура мекемелерінің күш салуы арқасында алдын-ала тергеу қапасында отырғандардың саны 2000-жылы 18 мың болса, 2003-жылы 9 мыңға дейін азайды. Соның нәтижесінде барлық жерлерде бір тұтқынға 2,5 шаршы шақырым аумақ берілуі тиіс деген тазалық нормативі орындалды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін