«ҚР Қаржы министрлігі еліміздегі барлық жариялы компаниялар өз қаржылық есебін тапсыратын депозитарий құруда «, — деді Ж. Айтжанова.
Ол бүгін «Бухгалтерлік есеп туралы» заңға сәйкес, қаржылық ұйымдар, барлық акционерлік қоғамдар, барлық жер қойнауын пайдаланушылар мен республикалық мемлекеттік кәсіпорындар жариялы ұйымдарға жататынын еске салды. «Бұл компаниялардың бәрі де өздерінің қаржылық есебін депозитарийге тапсыратын болады», — деді ол.
«Өз кезегінде кез-келген интернет тұтынушы әлемнің кез-келген нүктесінен осынау қаржылық есепті алып, зерттеп, салыстыра келе, есеп расында да халықаралық стандартқа сай жасалған ба, осы немесе қандай да компания расында да өзінің шаруашылық операцияларын толығымен жайып салып отыр ма деген тұрғыда тұжырым жасай алады «, — деп түсіндірді депозитарий құрудың қажеттігін Ж. Айтжанова.
«Біздің пікірімізше, бұл жанама түрде сыбайлас жемқорлықпен күреске, ел экономикасының жалпы ашықтығы мен транспаренттілігіне септігін тигізеді және осы ақпарат халықаралық рейтингтік агенттіктерге де қажет», — деді ол.
Ж. Айтжанова сондай-ақ, депозитарий ағымдағы жылдың 1 шілдесінде жұмысқа кірісетінін хабарлады. «Біз 1 шілдеге дейін депозитарий құрылады деп топшылаудамыз, қазір үкіметтің тиісті қаулысы дайындалып жатыр», -деді ол.
Қаржы министрлігінің өкілі 2008 жылдың 1 шілдесіне дейін жариялы компаниялар өткен жылғы қаржылық есебін жасау және оны аудиттік тексеруден өткізумен айналысатынын айтты.
«Осы мерзімде біз депозитарийді құрамыз, сөйтіп оған бірден өткен жылғы қаржылық есептер тапсырылатын болады», — деді ол.
Ж. Айтжанованың түсіндіруінше, «Қаржылық есеп депозитарийі» Қаржы министрлігінде қазір жұмыс істеп жатқан «Есептік-ақпараттық орталық» АҚ-ның базасында құрылмақ.
Оның хабарлауынша, ниеті барлар қаржылық есепті ақылы ала алады. «Бұл Ұлыбританияның үлгісімен жасалып отыр, онда Компаниялар палатасы деп аталатын мемлекеттік коммерциялық емес акционерлік қоғам бар. Олар жыл сайын ақпараттық база мен аппаратты ұстауға қажетті нақты бір тариф белгілейді», — деді ол.
Сонымен бірге, Ж. Айтжанованың айтуынша, қаржылық есепті беруші компаниялардың өзі электронды кілтті алғаны үшін және депозитарийде тіркелгені үшін ғана төлем төлейді.
«Қазір акционерлік қоғамдар газеттерде өз қаржылық есебін жариялағанда 800 мыңнан астам теңге төлейді және бұл шығын артынан осы банктің немесе АҚ-ның маржасына енгізіледі. Ал біз осындай жариялы компаниялардың шығындарын мультипликативті төмендете отырып, сонымен біруақытта қаржылық есептің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз етеміз», -деді ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті