Жарияланды: 550

ҚР үкімет басшысы Ресей үкіметінің отставкаға кетуі екі ел арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпейді дегенге сенім білдірді

ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов Михаил Касьянов басқарған Ресей үкіметінің отставкаға кетуі Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпейді дегенге сенім білдірді. Бүгін, 25-ақпанда Астанада мұнай консорциумымен келісімге қол қою рәсімінен кейін журналистер сауалына жауап берген Д.Ахметов осындай мәлімдеме жасады.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен президент Владимир Путиннің ұстанымдарына сәйкес саясат немесе экономика салаларының қай-қайсысында да екі ел арасындағы қарым-қатынас тұрақты нығая түспек",- деді Д.Ахметов. "Бір-бірін заңды алмастыратын әрбір үкімет мұрагерлік принципіне бағынып, мемлекет басшылары қол қойған құжаттарға арқау болған бұрынғы қарым-қатынастарды сақтап қалады",- деді ол. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 24-ақпанда Ресей президенті В.Путин М.Касьянов басқаратын үкіметті отставкаға жіберетінін жариялады. "Бұл бұрынғы үкімет жұмысының нәтижесін бағалауға мүлдем байланысты емес. Жалпы, бұл үкіметтің жұмысын мен қанағаттанарлық деп бағалаймын. Бұл шешім 2004-жылғы 14-наурыздан кейін еліміздің даму бағдары қандай болады деген мәселе бойынша өз ұстанымымды тағы бір паш етуге деген талпыныстан туындап отыр",- деді Ресей президенті. Әзірге Ресей үкімет басшысының міндеті 1998-жылдың сәуір айынан бері РФ үкімет басшысының орынбасары лауазымын атқарып келген Виктор Христенкоға уақытша жүктелді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін