Жарияланды: 580

ҚР үкімет басшысының орынбасары А.Есімов Шардара су қоймасындағы ахуалмен танысу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына келді

ҚР үкімет басшысының орынбасары А.Есімов Шардара су қоймасындағы ахуалмен танысу үшін 11-ақпан күні кешкісін Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Ал бүгін таңертең А.Есімов Шардара су қоймасында қалыптасқан ахуалмен көзбе-көз танысу үшін тікұшақпен Шымкенттен Шардара ауданына қарай ұшып шықты. Үкімет басшысының орынбасары онда бөгет жағдайымен танысып, мамандармен сұхбаттаспақшы. А.Есімов Шымкентке келер алдында Бішкекте болып, Тоқтағұл су қоймасынан Сырдарияға су жіберу мөлшерін азайту тұрғысында Қырғызстан жағымен келіссөздер жүргізген болатын. 12-ақпан, бүгінгі жағдаймен, Шардара су қоймасындағы су көлемі 4 млрд. 929 млн. текше метрді құрап отыр. Жобалық мөлшер 5,2 млрд. текше метрге тең. Соңғы екі тәулікте су көлемі 29 млн. текше метрге артты. Су қоймасына қазір келіп жатқан су мөлшері секундына 1586 текше метрді құрайды. Ал 9-ақпанда секундына 1298 текше метр су жіберілген болатын. Су қоймасына жіберілетін су көлемінің шұғыл артуына Тәжікстаннның Қайраққұм су қоймасынан су жіберу көлемін ұлғайтуы әсер еткен. Су тасқынынан алдын ала қорғанған Тәжікстан су қоймасынан екі күнде секундына 1400 текше метр су босатты. Ал бүгін таңертең Қайраққұм су қоймасынан жіберілген су көлемі секундына 850 текше метрге дейін азайтылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін