Жарияланды: 430

ҚР үкіметі 2004-2005-жылдарға арналған адам саудасымен күрес шараларының жоспарын бекітті

ҚР үкіметі 2004-2005-жылдарға арналған адам саудасымен күрес және оның алдын алу шараларының жоспарын бекітті. Бұл туралы бүгін, 27-ақпанда адам саудасымен, оларды заңсыз жолмен елге әкелу және шығару көріністерімен күрес жөніндегі мекемеаралық комиссияның Астанада өткен отырысында ҚР әділет министрі Оңалсын Жұмабеков хабарлады.

Оның айтуынша, "үкіметтің бұл шарасы адам саудасымен күрес мәселесімен шұғылданатын мемлекеттік мекемелердің алдағы нақты жұмыс бағыттарын айқындайды". Сарапшылардың бағалауынша, ТМД елдерінде адам саудасы қару-жарақ және есірткі саудасынан кейін үшінші орында тұрған "қылмыстық бизнес түрі" болмақ, деді министр. Оның хабарлауынша, бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, 2003-жылы құл ретінде пайдалану мақсатымен адамдарды жалдауға байланысты 6 қылмыстық іс қозғалып, Қазақстанның 24 азаматы дипломатиялық өкілдіктердің көмегімен Қазақстанға оралған. Сондай-ақ, О.Жұмабековтың атап көрсетуінше, "мұндай әрекеттердің жасырын сипатына байланысты еліміздің дәл қанша азаматы адам саудасының құрбанына айналғаны, қанша адамның құлдық бұғауында жүргені туралы нақты статистикалық мәліметтер келтіру мүмкін емес". Комиссия мүшелері бейресми ұйымдардың мемлекетпен және БАҚ-тармен ықпалдастығының айрықша қажеттігін атап өтті. О.Жұмабековтың айтуынша, "адам саудасымен, оларды заңсыз жолмен елге әкелу және шығару көріністерімен қатаң бітіспес күрес жүргізу қажет. Өйткені бұл жерде мәселе адам өміріне, оның бостандығы мен денсаулығына байланысты конституциялық құқықтарын қорғау туралы болып отыр".

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін