Жарияланды: 780

ҚР ҰҚК кибертерроризммен күрес жөніндегі заңнамаларға түзетулер әзірлеуде

ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті кибертерроризм ұғымына анықтама беріп, онымен күрес жолдарын айқындайтын еліміз заңдарына түзетулер енгізуге дайындалуда. Бұл туралы бүгін, 11-қарашада ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Владимир Божко Алматыда KZ-today тілшісіне хабарлады.

"Бұл тақырып ҰҚК тарапынан биыл өткізілген көптеген шаралардың басты арқауына айналды, комитет алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды пәрмендендіре түспек",- деді ол. Нақтырақ айтсақ, комитет осы бағыттағы заңдық актілердің жобасын жасауды, ұғымдар жинағын жетілдіруді, шетелдердің кибертерроризммен күрес тәжірибесін зерттеуді көздеп отыр. Кибертерроризм ұғымына ақпараттық ортаға, соның ішінде Интернетке шығарылған лаңкестік немесе экстремистік әрекетке үндеген, яки, осындай әрекеттер жасалатындығы жөніндегі қорқытып-үркіту мақсатындағы, не болмаса ақпараттық жүйелерге зиян келтіруге бағытталған материалдар қамтылады. Ал кибертерроризммен күрес - осы бағыттағы ұйымдар мен адамдарды анықтауға саяды. Егер осындай ұйымдар мен тұлғалар Қазақстан аумағынан тысқары жерлерде болған жағдайда, В.Божконың айтуынша, олардың іс-қызметіне тосқауыл қою шарасы сол ұйымдар орналасқан елдердің аумағында арнайы қызметтердің көмегімен жүзеге асырылады. Соған сәйкес ҚР ҰҚК шетелдік арнайы қызметтермен өзара ынтымақтастықты пәрмендендіре түспек ниетте. Бұл өз кезегінде өзара ықпалдастық пен өзара ақпарат алмасуды талап етеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін