Жуырда әлеуметтік желіде ұлты дұнған мәжіліс депутаты Шәкір Хахазовтың Қордайдағы дұнғандармен кездескен сәті жарияланды.
Ол онда қазақ халқымен тату өмір сүру керектігін айтты. Өз қандастарының іс-әрекетіне ашынған депутат «Бұл ұят нәрсе» деп кесіп айтты. Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.
Қазақтар мен дұнғандардың бір шаңырақ астында бұрыннан бері өмір сүріп келе жатқанын алға тартқан мәжіліс депутатының сөзінше, жақында болған жағдай "Екі ұлт үшін де ұят" көрінеді.
Хахазов арандатушылардың әрекетіне ермеуге шақырды. Біреуді ұрып-соғу, мүгедек қылу не сұмдық,- деді халық қалаулысы.
«1996 жылы дұнған болғаным үшін ерегісте таяқ жеп, құлағым жырылды. Жағым сынды. Сол себепті әлі күнге дейін күрмеліп сөйлеймін. Бірақ мен жанжалдасқан жоқпын »,- деп өз басынан өткен оқиғаны еске алды.
Сөз соңында дұңғандарды қазақ халқына құрметпен қарауға және оларға Қазақстанан басқа барар жер жоқ екенін еске салды.