Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында құс тұмауына байланысты халық арасында құс етін алуда қорқыныш бар екендігі туралы сұрақ қойылды.
«Халық арасындағы осы үрей түсінікті. Атап айтқанда, жалпы әрі арнайы шаралар ескерілген. Жалпы шаралар аясында ауру пайда болған ошақта тиісті шешімдер қабылданып, карантин енгізіледі. Ауру жұқтырған құстар асханаға жіберілмейді. Дезинфекциялық жұмыстарға ерекше мән беріледі. Ал арнайы шараларға тоқталсақ, әр құс фабрикаларында ішкі өндірістік бақылау құрылымы болады. Ондағы өнім тиісті сараптамадан өткізіліп, соған сәйкес құс өнімдері сауда орындарына жеткізіледі. Мұнымен қоса, сауда орындарында, базарларда зертханалар өнімдерді тексереді. Осы орайда талапқа сай келетін өнімдер саудаға жіберіледі», — деп түсіндірді Г. Нұртазина.
Оның айтуынша, жұмыртқаны қайнату арқылы залалсыздандыруға болады.
Өз кезегінде «Қазақстан құс өсірушілер одағы» ЗТБ президенті Руслан Шәріпов бройлер өсіретін кәсіпорындарда ауру тіркелмегенін атап өтті. Осы орайда жұмыртқа бағытындағы екі құс фабрикасында тауықтарда құс тұмауы байқалды.
Құс тұмауына шалдыққан құс етінің адамға қауіпсіз екеніне тоқталған ол, «қар түскен кезде вирус жойылады, сондай-ақ қайнатқан кезде (құс еті мен жұмыртқаны) вирус болмайды. Біздің өнім, яғни жұмыртқа пен ет таза экологиялық бидаймен өсірілген құстан алынған өнім. Сол үшін қайнатып, пісіріп жегенде ол вирус өледі. Халыққа айтатыным, етті қорықпай жеуге болады. Сенбесеңіздер, ауырған тауықты немесе үйректі тірідей алып келіңіздер. Мен өзім сойып, қайнатып, дәм татуға дайынмын», — деді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 46 миллионнан астам құс басы бар. Оның ішінде құс тұмауынан келген шығын 0,9 пайызды құрады. Осы орайда 7 облыстың 78 елді мекенінде карантин енгізілді.