ААҚ басшылығының хабарлауынша, биыл республика экспортқа 1 млрд киловатт-сағат электр қуатын шығарады, ал 2007 жылы бұл сан 2,2 млрд болған. Бұл қысқарту Тоқтағұл су қоймасындағы су көлемінің өте төмендігіне байланысты, оның көлемі 2008 жылғы қыстың аяғында небәрі 6,7 млрд текше метрді құраған.
Компаниядағылар қырғыз электр қуатын негізінен Қазақстан мен Өзбекстан импорттайтынын, ал Ресейге электр қуаты осыдан бірнеше жыл бұрын екі жақ бағаға байланысты мәмілеге келе алмағандықтан берілмейтін болғанын еске салады. Ал өткен жылы Қырғызстанның өз қажеттілігін қамтамасыз ету үшін көршілес екі мемлекетке берілетін осы көлемінің өзін мерзімінен бұрын қысқартуға тура келген. «Биыл да оның көлемі мен берілу тәртібі Қырғызстанға қажетті газ, көмір және мазут секілді отын түрлерінің өзара жеткізіліміне тікелей байланысты болады», — деп мәлімдеді компания басшылығы.
«Сәуірде осы мәселе бойынша төрт жақты келіссөздер басталады. Біз көршілерімізбен ынтымақтастыққа әрдайым дайынбыз және оларды келіссөздер үстеліне тез арада отыруға шақырамыз. Өкінішке орай ақпанның аяғына межеленген Бішкектегі кездесу Өзбекстан жағының дайын болмауына байланысты өтпей қалды», -деді Қырғызстанның өнеркәсіп, экономика және отын ресурстары министрі Сапарбек Балқыбеков.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті