Жарияланды: 720

Қырғызстан аумағында Қытай саудагерлерін өлтіруге ұйғыр сепаратистерінің қатысы бар - Қырғызстан Республикасының ІІМ

Қырғызстан құқық қорғау мекемелерінің пікірінше, биылғы наурыз айында Қырғызстан аумағында Қытай саудагерлерін өлтіруге ұйғыр сепаратистерінің қатысы бар. Бұл туралы Неміс толқыны радиосы хабарлады.

Қырғызстан Ішкі Істер министрінің орынбасары Болотбек Ногойбаевтың Неміс толқынына хабарлауынша, атышулы қылмысты әшкереленді деп санауға толық негіз бар. Оның айтуынша, қырғыз милициясы Қырғыз-Қытай шекарасына таяу жерде Бішкек-Қашғар тас жолында Қытайлық саудагерлерді атып өлтіріп, сосын олар отырған автобусты өртеп кеткен қаныпезерлердің ізіне түскен көрінеді. Ішкі істер министрі орынбасарының айтуынша, қырғыз құқық қорғаушылары қазір қылмыскерлердің аты-жөнін анықтап, фотороботын жасап үлгерді. Екі кісі өлтіргіш те сепаратистік "Шығыс Түркістанды азат ету " ұйымына мүше этникалық ұйғырлар болып табылады. Қазір Интерпол желісімен оларға халықаралық іздеу жарияланды. Қырғыз арнайы күштерінің болжамы бойынша, қанішерлер Түркия аумағында жасырынып жүруі мүмкін. Қылмыскерлердің аты-жөні тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбай отыр. Қырғыз құқық қорғау мекемелеріндегі сенімді ақпарат көзінен Неміс толқыны радиосына хабарлауынша, қылмыскерлердің ізіне түсу былайша мүмкін болған екен : осыдан екі ай бұрын Бішкек қаласындағы бір валюта алмастыру бөліміне келген азиялық тұрпатты бір шетелдік азамат 4 мың долларды ауыстырып беруді сұрайды. Валюта алмастыру бөлімінің қызметкерлері 100 долларлық купюраларға жұққан қанның дағына назар аударады. Дақты әлдекімдердің кетіруге талпынғаны байқалып тұрады. Осыған байланысты шақырылған күзет қызметкері әлгі күдіктіні тұтқындайды. Күдікті сол жерде милиционерге 50 мың доллар ұсынып құтылуға талпыныс жасағанымен, күзет қызметкері парадан бас тартқан. Сөйтіп, қылмыскерлердің ізіне түсуге мүмкіндік берген осы тұтқын көрінеді. Қытайлық саудагерлерге қарақшылық шабуыл жасау оқиғалары осымен тынған жоқ. Қырғызстанда таяуда тағы бір осындай оқиға тірлкеліп, Ош аудандық ауруханасына пышақтан жарақаттанған үш қытайлық саудагер жеткізілген. Олардың біреуі есін жинай алмастан қайтыс болды. Қылмыскерді құқық қорғаушылар ізін суытпай қолға түсірді. Бұл жолы саудагерлерге шабуыл жасаған 18 жастағы Қырғызстан азаматы болып шықты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть