Жарияланды: 590

Қырғызстан Сырдарияға жіберілетін су көлемі жөнінен сөзінде тұрған жағдайда ғана Қазақстан көктемде Бішкек үшін отынға қаржы бөлу мәселесін қарап көреді

Қырғызстан ақпан айында Тоқтағұл су қоймасынан Сырдарияға жіберілетін су көлемі жөнінен сөзінде тұрған жағдайда ғана, Қазақстан үкіметі Сырдариядағы су тасқыны шарықтау шегіне жететін наурыз және сәуір айларында Бішкекке отын-энергетика ресурстарын беруге қаржы бөлу мәселесін қарайды. Бұл туралы Шардара су қоймасындағы ахуалды реттеу мәселесі бойынша бүгін, 12-ақпанда Бішкекте өткен келіссөздерден кейін KZ-today тілшісіне берген жеке

сұхбатында ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің су шаруашылығы комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев хабарлады. "Қырғызстан өз қателігін мойындады. Нәтижесінде біз ол жақ тарапынан бір ай бойы міндеттемелерін бұлжытпай орындаған жағдайда ғана аталмыш мәселені қарап көруге уағдаластық",- деді А.Рябцев. "Біз үшін Тоқтағұл су қоймасынан секундына 500 текше метрден кем емес мөлшерде су жіберілуінің маңызы зор". Комитет төрағасының айтуынша, Қырғызстан Шымкент хаттамасының Тоқтағұл су қоймасынан су жіберуге қатысты бөлігі бойынша жүктеп алған міндеттемесін орындаған жоқ. Кейінгі кезге дейін қоймадан секундына 550 текше метр су жіберіліп келді. Тек соңғы 4 күнде ғана көлем 500 текше метрге дейін азайтылды. А.Рябцевтың айтуынша, "өкінішке орай, әзірге Өзбекстан жағымен өзара тіл табысу мүмкін болмай отыр. Олар Шардарадан Арнасай ойпатына еліміз тарапынан жібермек болған су көлемімен келіспей отыр. Жіберілетін су көлемі 1000 текше метр болғаны біз үшін тиімді. Тіпті 800 деген санды да айттық. Бірақ олар бұған келісімін бермей отыр". Келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылып, баспасөз мәслихатында жарияланған хаттама мәтініне жүгінсек, Қырғызстан Нарын су электр станциялары каскадынан секуындына 500 текше метр су жіберуге міндеттеме жүктеді. Ал Тәжікстан 12-ақпаннан бастап Қайраққұм су қоймасынан жіберілетін су көлемін секундына 950 текше метрге дейін азайтады. Ал 20-ақпаннан бастап Өзбекстан Арнасай ойпатына секундына 550 текше метр су алуы тиіс. Сондай-ақ, Ташкент егістік алқаптарын шаю мақсатында алатын су көлемін секундына 350 текше метрге дейін арттырады. Қазақстан өз кезегінде Сырдарияның төменгі арнасына қарай секундына 700 текше метр су жіберуі тиіс. Бұл режим бұлжытпай орындалған жағдайда ахуалды бақылауға алып, алдағы уақытта су тасқынының алдын алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Қазақстан отын беру мәселесіне қаржы бөлу мүмкіндігін алдағы кезең есебінен сараптап көруге әзірлік танытты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін