Оның тақырыбы: «Жібек жолы экономикалық белдеуін бірлесіп салу, кешенді өзара байланысты қалыптастыру» деп аталады.
Шараны Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) комитеті мен Жичжао қалалық үкіметі ұйымдастырды.
Форумға 500-ден астам адам шақырылған. Олардың арасында мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар, жеке компаниялар мен БАҚ өкілдері бар. Нақтырақ айтқанда, Өзбекстаннан (ӨР премьер-министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрі Рустам Азимов), Қырғызстаннан вице-премьер Валерий Диль бастаған делегация, Қазақстанның ҚХР-дағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, Тәжікстан, Түркіменстанның қаржылық-банктік және академиялық құрылымдарының өкілдері, ШЫҰ хатшылығы, сондай-ақ Ганьсу, Шэньси провинциясы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі сияқты өңірлерден делегаттар келді.
ҚХР басшылығының атынан шараға Қытай Компартиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Саяси-заңгерлік комиссиясының хатшысы Мэн Цзяньчжу қатысады.
Шара 2 күнге жоспарланған. Бүгін Қытай мен Өзбекстан арасында сауда-экономикалық ынтымақтастыққа арналған кіші форумы өтеді. Орталық Азиядағы барша ел өкілдерінің қатысуымен өтетін негізгі шара ертең болады.
Еске салсақ, ҚХР Чжэцзян провинциясындағы Тунсян қаласында 2012 жылғы мамырда Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығының 1-ші форумы, 2014 жылғы қазанда сол провинцияда Иу қаласында 2-ші форум өтті.