Қытайда өмір бойына түрмеге қамалған Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтеуі мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 515.03
  • 584.82
+11 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қытайда өмір бойына түрмеге қамалған Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтеуі мүмкін

Қытайда өмір бойына түрмеге қамалған Ақжарқын Тұрлыбай жазасын Қазақстанда өтеуі мүмкін

Қытайда есірткімен ұсталған қазақ қызы өмір бойына түрмеге қамалды! Небәрі 20 жастағы Ақжарқын Тұрлыбай енді қалған өмірін сол елдің абақтысында өткізуі тиіс. Соттан  мұндай үкімді  күтпеген қыздың туыстары қазір есеңгіреген күйде. Өйткені, олар бойжеткенді таныстары алдап түсірді, сондықтан ақталып келеді деген сенімде жүрген. Бірақ мұндай дәйекке Гуанчжоу соты сенбепті. Енді Ақжарқынның адвокатты апелляциялық шағым түсіріп, ең болмаса жазаны жеңілдетуді сұрап көрмек.

  • 16 Маусым 2015
  • 501
Фото - Caravan.kz

-Ақжарқынмен телефонмен сөйлестіріп жатқан жоқ, консулмен ғана сөйлесіп жатырмыз!

Бір жыл бойы қызын күтіп байыз таппаған ана бүгін таңертең мүлде есінен танып түсті. Қытайдан «өмір бойына сотталып кетті» деген суыт хабарды естіген Зухра Сейтімованың сөйлеуге шамасы жоқ.          

Кемсендеп жылаған ана қызы ақталып келеді деп сенген. Бірақ, бүгін таңсәріде басталған сотта бірде-бір айғақ Ақжарқынды ақтай алмапты. Қытайдағы жалдамалы қорғаушы да, Қазақстаннан арнайы барған адвокат та судьяны сендіре алған жоқ. 20 жастағы жерлесіміз енді қалған өмірін Қытай түрмесінде өткізуі тиіс.        

Бірақ, адвокаты күдерін үзбепті. Гуандоу деп аталатын жоғары сотқа шағымдануға мүмкіндік бар дейді Сұңқар Нұрмағамбетов. 

Сұңқар Нұрмағамбетов, адвокат:

Гуанчжоу қалалық соты соңғы инстанция емес, алда әлі Жоғары сот бар. 10 күн аралығында үкімді қайта қарау жөнінде шағымданатын боламыз. Сондықтан, әлі үміт бар.

20 жастағы жерлісіміз былтыр Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Әлдебір таныстарының өтінішімен Малайзияға тауар жеткізуге кеткен қыздың сөмкесінен есірткі шыққан. Контрабанданы қытайлар салып жіберді деген де күдік бар. Ақжарқынның ендігі үміті, Қытаймен арадағы сотталған азаматтармен алмасу жөніндегі келісім. Ол күшіне енсе, жазасын елде өтеуге мүмкіндігі бар.


Алтай Әбибуллаев, ҚР СІМ ресми өкілі:

-Біз ешқандай да Қытай тарапына қысым жасай алмаймыз. Бірақ дипломатиялық арналар арқылы саяси деңгейде осы келісімді ратификациялау жөнінде өз өтінішімізді ғана білдіре аламыз.

Құжатқа екі ел 2011 жылы қол қойып қойған. Қазақстан оны бірден ратификацияласа, Қытай тарапы әлі асықпай жүр екен. Сондықтан, ауыр жазаға кесілген қыздың алдағы тағдыры әзірге белгісіз күйде қалып отыр.