Жарияланды: 80

Қытайда тағы бір аса қауіпті вирус тарады

Қытайда тағы бір аса қауіпті вирус тарады

Қытайдың Хунань провинциясында H5N1 жұқпалы құс тұмауы тіркелді.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новости басылымына сілтеп хабарлайды.

Аталған провинция Хубэй провинциясымен шекаралас. Жоғары патогенді құс тұмауы фермалардың бірінде табылды. Ауру салдарынан онда барлық қанаттылардың жартысынан астамы қаза болды. Адам жұқтырғаны туралы әзірге хабарланған жоқ.

Құс тұмауы (H5N1) вирусынан туындайтын жұқпалы инфекциялық ауру. Ол қалтырау, температураның 38 градус Цельсияға дейін көтерілуі, бұлшық ет және бас аурулары, тамақтың ауыруы сынды белгілермен басталады. Сондай-ақ, жұқтырған адам бірнеше рет құсуы да мүмкін. Науқастың жағдайы тез нашарлайды. 2-3 күннен кейін ылғалды жөтел пайда болады, жиі қан кетіп, ентігеді. Содан кейін тыныс алу қиындап, бауыр, бүйрек және ми зақымдануы мүмкін. Құс тұмауы тез таралып, өлім қаупі жоғары.

Адамға берілу жолдары: тірі немесе өлі құстармен тығыз байланыста болғанда, сондай-ақ, ауру құс еті мен жұмыртқасын жеткілікті термиялық өңдеусіз тамаққа қолданғаннан кейін жұқтырады.

Айта кетейік, 1 ақпандағы мәліметтер бойынша, Қытайда 2019-nCoV коронавирус құрбандарының саны 304 адамға дейін өсті. ҚХР - дан басқа, ауру 23 елде, оның ішінде Ресейде анықталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты халықаралық ауқымдағы төтенше жағдай деп таныды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін