Қытайдың "Шэньчжоу-5" деп аталатын тұңғыш пилотты ғарыш кемесі осы елдің солтүстігіндегі Ішкі Монғолия автономиялық аймағына қонды
Бүгін, 16-қазанда Қытайдың тұңғыш ғарышкері Ян Ли Вэйді сапарға алып шыққан "Шэньчжоу-5" пилотты ғарыш кемесі жер орбитасында 21 сағаттай уақыт болып, осы елдің солтүстігіндегі Ішкі Монғолия автономиялық аймағына қонды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Қазақстандағы ҚХР елшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады. |
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ғарыш кемесі жерге оралғаннан кейін ҚХР Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Вэнь Цзябао ғарышкерді сапарының сәтті аяқталуымен құттықтады.
ҚХР-ның ұшуларды басқару орталығы ғарыш сапарын табысты өтті деп жариялады.
Орбитада болған мерзімде ғарыш кемесі Жерді 14 мәрте айналып өтті.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 15-қазанда ҚХР өз тарихында тұңғыш рет "Шэньчжоу-5" деп аталатын пилотты ғарыш кемесін ұшырған болатын.
38 жастағы Ян Ли Вэй Қытай тарихына тұңғыш ғарышкер ретінде жазылды. Ғарыш кемесі кеше жергілікті уақытпен 9 сағатта ұшырылған. "Шэньчжоу-5" Қытайдың солтүстік -батыс бөлігінде, Пекиннен 1 мың шақырым қашықтықтағы Гоби шөлінде орналасқан Цзюцюань ғарыш айлағындағы ғарыштық базадан аспан кеңістігіне жол тартты.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін