Жарияланды: 470

Қызылорда облысында 44 бала жол апаттарында зардап шекті

Қызылорда облысында 44 бала жол апаттарында зардап шекті

Қызылорда қаласында балалар тасымалымен айналысатын автокөліктердің қатысумен орын алатын жол апаттарының алдын алу, бала травматизмін болдырмау мәселелері көтерілді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті ұйымдастырған жиынға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Мөлдір Тәуіпбаева, «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарының Қазақстан қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Н.Мишукова және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері қатысты.

Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері облыс көлемінде 194 жол-көлік оқиғасы орын алса, оның 25,8 пайызы, яғни 50 дерегі балалардың қатысуымен болған. Аталған жол апаттары кезінде 44 бала түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды. Ал қаңтар айынан бері балалар тасымалымен айналысатын балабақша автокөліктерінің қатысуымен 2 жол-көлік оқиғасы орын алған - бірі Тасбөгет кентінде,  екіншісі Желтоқсан-Толыбеков көшелерінің қиылысында.

Ішкі істер департаменті қызметкерлері балалар тасымалымен айналысатын көлік құралдарына қойылатын талапты күшейту қажеттігін, балабақша басшылығы көлік құралын жалға алу кезінде оның техникалық күйі мемлекеттік стандартқа сай болуын қадағалау қажеттігін баса көрсетті. Балалар тасымалымен айналысатын автокөліктің кемінде екі есігі болуын және көліктің алдыңғы және артқы жағында «Балалар тасымалы» деген арнайы таңбасы орналасуы керектігі ескертілді. Бұдан бөлек, жүргізуші ретінде жұмысқа алынатын азаматтардың жас шамасына (25-тен асқан), жұмыс өтілі (5 жылдан кем емес)  мен тәжірибесіне қойылатын талапты күшейту мәселесі көтерілді.  


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін