Аудандар мен облыс орталығы дамуының рейтингісі әлеуметтік-экономикалық өсім қарқыны және аймақтың есепті кезеңдегі даму деңгейі деп аталатын негізгі екі көрсеткіш бойынша түзілген. Рейтинг нәтижесі бойынша облыстың 8 аймағының 6-ы орта-жоғары категорияға енсе, 2 аймақ көрсеткіштері төменгілер қатарында қалды. Дамудың оң ырғағы Қызылорда қаласында айрықша көрінді. Оның 23 көрсеткішінің 10-ы бойынша қала бірінші орыннан табылды.
Сөйтіп, топ басын Қызылорда қаласы бастады. Екінші орынға Сырдария ауданы шықса, үшінші орын Шиелі ауданына тиесілі болды. Бұдан ары Жаңақорған және Қармақшы аудандары орналасты. Алғашқы алтылықты Жалағаш ауданы тұйықтады. Ал даму қарқыны төмен аудандарға Арал және Қазалы аудандары жатқызылды. Дегенмен, тұтастай алғанда, қазір Қазалы, Арал, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімдеріне жұмысты күшейту керек. Осы жайлы атап өткен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев барлық аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдеріне жаңа тапсырмалар жүктеді.