Қызылорда облысында ақбөкендерді атуды «кәсіп» еткен қылмыстық топ жұмыс істейді - kaz.caravan.kz
  • $ 467.41
  • 533.88
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
9 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қызылорда облысында ақбөкендерді атуды «кәсіп» еткен қылмыстық топ жұмыс істейді

Қызылорда облысында ақбөкендерді атуды «кәсіп» еткен қылмыстық топ жұмыс істейді

Құқық қорғау орындары Қызылорда облысында ақбөкендерді атып алу оқиғаларының жиілеп кетуіне алаңдаушылық білдіріп отыр.

  • 16 Қаңтар 2014
  • 561
Фото - Caravan.kz

«Қолға алынған шараларға қарамастан браконьерлер саны көбейіп барады. Солардың қолымен өлтірілген бөкендер саны жыл өткен сайын артып отыр», — деді прокуратурада өткен кеңесте облыс прокурорының орынбасары Руслан Райханов.

Қадағалау органының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері аймақта 20 ақбөкен атылған. Браконьерлер олардың мүйіздерін көршілес Қытайға апарып сатады. Ол жақта аталған тауардың бір келісі үшін 4000 доллар төлейтін көрінеді.

Прокурорлардың ойынша, өңірде Қызыл кітапқа енгізілген жануарларды заңсыз аулайтын ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істейді.

«Біздіңше, облыста схемасы жан-жақты ойластырылған, үш этап бойынша жұмыс істейтін қылмыстық топ бар. Бірінші сатыда бөкендерді ататын адамдар, екіншісінде – мүйіздерді жинайтындар, үшінші сатыда оны Қытайға апарып өткізетіндер жұмыс істейді», — дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Ғабит Тобжанов.

Ал, өлтірілген аңның еті қалай және қай жерге өткізілетіні туралы нақты дерек жоқ. Прокурорлардың болжамынша, браконьерлер оны таныстарына сатады немесе жылқының әлде сиыр еті ретінде сауда нүктелеріне шығарылады.

«Қымбат әрі мықты көліктермен жүрген браконьерлерді инспекция қызметкерлері оларды кейде қуып жете алмай да қалады. Олардың қару-жарағы да сақадай сай. Бұл олардың жалғыз еместігін дәлелдейді. Ал, бөкенді еті үшін аулайтын аңшыларда мұндай мүмкіндік болмайды», — деді Ғ.Тобжанов.


Жиында браконьерлікке қарсы күрес саласындағы заңдардың олқы тұстары атап көрсетілді және отырысқа қатысушылар оларға қолданылатын жазаны күшейтуді ұсынды.

Мәселен, «Охотзоопром» кәсіпорны бас директорының орынбасары Жәнібек Жұбаниязов браконьерлердің көліктерін тартып алуды ұсынды.

Сонымен қатар, Ж.Жұбаниязов екі немесе одан да көп браконьер қолға түскенде сотқа оның біреуі ғана тартылып, қалғандарының іске куә ретінде қатыстырылатынын алға тартты.

Кеңес соңында тиісті органдарға қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізу туралы ұсыныс жасау туралы шешім қабылданды.