Жарияланды: 580

Қызылорда облысында су ішінде қалған үйлердің тұрғындарын басқа жаққа уақытша көшіру шарасы жүзеге асырылуда

Қызылорда әкімшілігі Сырдария суының арнасынан асуы салдарынан үйлері су ішінде қалған саяжай учаскелері тұрғындарын басқа жаққа уақытша көшіріп орналастыру және оларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету шараларын қолға алды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұдан бұрын да хабарлағынымыздай, Арай ауданы маңында мұз жиналу салдарынан Сырдария суының деңгейі көтерілуге байланысты 3-ақпанда "Шұғыла" бағбандар қоғамына қарасты 35 саяжай үйлері су ішінде қалған болатын. Бұл өңірден 35 адам басқа жаққа көшірілді. Сонымен бір уақытта "Қалқандария", "Талдыарал" және "Лесхоз" шаруашылықтары орналасқан сол жағалаудағы ойпатты алқаптар су астында қалды. "Қалқандария" шаруашылығы су астында қалу салдарынан 90 адам басқа жаққа көшірілді. 4-ақпанда "Автомобилист" және "УМР" бағбандық қоғамдарына қарасты саяжай учаскелері су астында қалу қаупі туындады. Бұл өңірден 500 адам уақытша басқа жаққа көшірілді. 5-ақпанда "Автомобилист" және "Дорожник" бағбандық қоғамдары аумағында дариядағы су деңгейі кей жерлерде қорғаныс бөгетімен теңесті. Агенттік ақпаратына сәйкес, бөгетті көтеруге шаралар қолданылып, су деңгейін төмендету үшін Қызылорда гидроторабына қарасты Шіркейлі каналының шлюздері ашылды. 5-ақпандағы кешкі жағдаймен Шардара су қоймасынан секундына 730 текше метр су жіберіліп отыр. Ал Қызылорда гидроторабынан төменге қарай бұл мөлшер секундына 390 текше метрді құрайды. Қызылорда гидроторабына дейінгі бөлікте секундына 334 текше метр су алынуда. Магистралдық каналға секундына 100 текше метрге дейін су алу және тиісінше Қызылорда гидроторабынан төменге қарай су жіберуді азайту есебінен Қызылорда өңіріндегі ахуалды тұрақтандыруға жағдай жасалды. Мұнда су деңгейі 30 сантиметрге дейін төмендеді. Соған қарамастан өзеннің Қызылорда қаласының іргесіндегі бөлігінде бұрынғыдай мұз жиналу процессі одан әрі жалғасуда. "Жалпы алғанда, облыс бойынша су шаруашылығына қатысты ахуал күрделі күйінде қалып отыр",- деп хабарлайды ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігі. Облыста қорғаныс бөгеттерін тәулік бойы қадағалау бекеттері құрылып жұмыс істеуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін