Бірлік жұрты тағы бір түнін осылайша күрек ұстап өткерді. Тағы сол баяғы таудан еріп, ауыл ішіне кірген қар кесірінен. Тіпті екпіні қатты су сақтық үшін қойылған бөгетті бұзып, кішігірім тоғанның бірін арнасынан асырған.
Талғат Әбдиев, Бірлік ауылының тұрғыны:
— Мына арада Балатоған деген бар. Сол бөгетті бұзып кетіп тұр. Таудың суы. Жиналып барлығы осы жерге келген.
Соның кесірінен, әп-сәтте ауыл шетіндегі мына үйлерді шайып кете жаздаған. Есі шыққан ел мал мен жанының аман қалғанына тәубә етуде.
Оразалы Құрманбеков, Бірлік ауылының тұрғыны:
— Үйдегі дүние мүлкімнің барлығын далаға шығардым. Бала шағамды, қатынымды көрші үйге апардым. Құжаттарымды да алдым.
-Бұл бүгін еріген қар суының ортасында қалған Бірліктегі үйлердің бірі. Бір айтарлығы, дәл осы үй екінші мәрте су астында қалып отыр. Алғашқысы осыдан бір апта бұрын Жаңақорғанға жеткен су осы үй арқылы өткен болатын. Енді, міне, тағы ми батпақ болып жатыр.
-Осымен екінші мәрте алып отыр. Ешқандай көмек көріп жатқан жоқпыз. Осы жағдайымыз.
— Сағат 6 кезінде су осы деңгейге дейін көтеріліп, қаптарды қойдық. Қолдан келгенше.
— Өздеріңіз қойдыңыздар ма?
— Иә
Қауіпті ғой, қараңыздаршы судың деңгейін, қаншалықты келген.
Тоғаннан келер қауіптің бары елге алдын ала ескертіліпті. Бірақ тұрғындар: «Егер бұрынғы әкім ауыл арасындағы су өткелдерін бітеп тастамағанда, мұндай қауіп болмас еді», — деп ызалы.
— Сол көпірді алмағанда менің үйімді су алмас еді. Тек ары қарай түсіп кетер еді. Обалы сол әкімде.
Бұл жолғы тосыннан келген қар суы тек Бірліктің өзінде 20-ға жуық баспананы бүлдірген. Жергілікті әкімдік мұны жәй ғана аулаға кірген су дегенімен, зардап шеккен әрбір үйдің назардан тас етпеуге уәде етіп отыр.
Әскер Мұсаев, Ақұйық ауылдық округінің әкімі:
-Тек ауласына кірді, үйлерге кірген жоқ. Бөгет жасап отырдық. Сегіз үйдің ауласына кірді. Жиырма үй қауіпсіз жаққа көшірілді. Штаб жұмыс жасап отырды.
-Сізге қалай барсақ болады, апа?
-Қалай келесің?
-Айналамыздың барлығын су басқан. Ешқандай далаға шыға алмай, тамағымызды жеткізе алмай отырмыз.
Көмекті ауласын айнала су басқан Жаңақорған кентінің жұрты да күтіп отыр. Мұнда да 22-ші ақпанда таудан қар суы жетіп, 85 үй бүлінген еді.