Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында енесінің өмірінің соңғы сәттері туралы баяндап берді.
“Ауруханада жеті күн жатты ғой деймін. Жетінші күні біз бардық. Жасанды тыныс алумен жатты. Дәрігер: «Сендер келгенде дәрі бермеймін, есін біліп жататын болады», – деді. Немересін алып бардық. Өзі қатты жақсы көретін ұл немересі еді. Түнгі сағат 12 шамасында әрең дегенде жансақтау бөліміне кірдік. Есін біліп жатыр екен. Көре сала мен қатты жыладым. Тізерлеп отырып қалдым. Сонда анам қолымды қатты қысты. Өзі трубкамен жатты, бірақ көзінен жас парлап ағып жатты. Мен тек: «Мама, бұл қалай болды?» деп айта бердім. Шок жағдайда болдым”, – деді әншінің келіні.
Сондай-ақ, ол Роза Бағланованың өзінің қайтыс болатынын сезгенін да айтты.
“Жалпы үлкен адамдар сезеді деп айтады ғой. Мама кететінінен бір жыл бұрын маған “20 метр ақ мата алып қойшы” деді. Мен сол кезде ол кісіге “неге олай айтасыз” деп ренжідім. Үйдегілерге айтсам “алып қоя сал, қазақта керісінше ақ мата өлімді алыстатады деген ырым бар” деді. Сонда мама о дүниеге дайындалудың да жоғары мәдениетін көрсетіп кетті. Ақ матаны, жуындыратын заттарды алып қойды, шымылдықты тіктіртіп қойды. Ақ матаның шетіне әдемілеп шілте жасатып қойды. Соған дейін дайындап кетті. “Сен оны білмейсің, көрмегенсің, сасқалақтап қаласың. Осының бәрін дәптерге жазып қой” деді. Тасқа жазатын сөздеріне дейін дайындап кетті. “Сенен басқа кімім бар, кімге айтамын” дейтін. Азан шақырып қойған аты — Үрбибі. Оны біз де білген жоқпыз. Қайтыс болардан 1 жыл алдын тасқа осыны жазасыңдар деп айтты”, — дейді ол.