Жарияланды: 590

Қызылорда облысындағы су астында қалған аймақтан 1317 адам көшірілді

Қызылорда облысындағы су астында қалған аймақтан 1317 адам көшірілді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

8-ақпандағы жағдаймен Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы ойпатты жазықтарда Сырдарияның суы арнасынан асу құбылысы одан әрі жалғасуда. "Әлсейіт" қалқымалы өткелден төменге қарай Қазалы-Жаңақұрылыс автожолында су оң жағалаудағы бөгетті шайып кетті. Су мұзатқы жиналу және Сырдарияның өткізгіштік қабілеті төмендеу салдарынан арнасынан асқан. Су тасқынының алдын алу шараларына 62 техника жұмылдырылды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Қызылорда әкімшілігі мен облыстық Қызыл жарты ай комитеті баспана беру, азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз ету жөнінен көмек көрсетуде. Қызылорда маңында өзеннің беті көп жерде мұздан ада. Су астында қалған сол жағалау аумағында тасқын суының деңгейі төмендеп келеді. Бөгеттің Қызылорда жақ бөлігін және "Шіркейлі" магистралдық арнасының сол жағалауын нығайту жұмыстары жалғасуда. Қалпына келтіру жұмыстарына 46 техника жұмылдырылды. Оңтүстік Қазақстан облысынан KZ-today тілшісінің хабарлағанындай, "Оңтүстік су шаруашылығы" РМК-ның ақпаратына сәйкес, өткен аптада Шардара су қоймасындағы су көлемі 40 млн. текше метрге дейін артып, 4,9 млрд. текше метрге жетті. Бүгін су қоймасына келіп жатқан су көлемі секундына 1298 текше метрді құрап отыр. Ал Сырдарияға секундына 700 текше метр су жіберілуде. Қызылорда облысында су тасқыны белең алғаннан бері бұл көлем секундына 30 текше метрге азайтылды. Қызылқұм каналына секундына 100 текше метр, Арнасай ойпатына секундына 422 метр су жіберіліп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін