Жарияланды: 350

Қызылордалық 80 жастағы қария күніне 12 шақырым жүгіреді

Қызылордалық 80 жастағы қария күніне 12 шақырым жүгіреді

Қызылордалық 80 жастағы қария Аққоян Ырсалиев күніне 12 шақырым жүгіреді, деп хабарлайды Baq.kz порталының өңірдегі тілшісі.

Аққоян Ырсалиев күн сайын таңертең жүгіруді, дене жаттығуын жасауды әдетке айналдырған. Өзінің айтуынша, жастайынан спортқа бейім болған. Оқушы кезінде боксты серік еткен. Ал Отан алдындағы азаматтық борышын әуе-десант әскері қатарында өтеп, парашютпен 281 рет секіріпті. Бертін келе әр салада қызмет еткенімен, спортпен шұғылдануды, жүгіруді тоқтатпаған.

«1988 жылы Қапал-Арасан шипажайында демалдым. Сонда қайраткер Дінмұхамед Қонаев та демалып жатыр екен. Ол кісімен таныстым. Зиялы, салмақты адам. Сөз саптауы да ерекше. Екеуміз күнде 2 шақырым жүгіретін болдық. Қонаевпен қысқа уақыт болса да дидарласып қалғаныма қуанамын. Ал 2011 жылдан бері Алматы марафонына қатысып жүрмін. Биылғы марафонға 20 мыңдай адам келді. Дәстүр бойынша марафон Тұңғыш Президент саябағында бастау алып, Орталық стадионда мәресіне жетті. Марафоншылар әртүрлі дистанция бойынша жүгіреді. Мен 22 шақырымды бағындырдым. 70 жастан асқан адамдар арасынан бірінші орынды жеңім алдым. Басқа да марапаттарым бар. Күн сайын 12 шақырым жүгіремін, марафонға дайындық кезінде 30 шақырымға жеткіземін», – деді қария.

Сонымен қатар, желаяқ қария нысанаға дөп тигізетін мерген. Мылтық ату сайыстарына қатысып, жүлдегер атанып жүр. Бұған қоса, шаңғы тебудің де шебері.

 «Үйдегі отағасы спортшы. Шаңғыны да тебеді, мылтықты да атады. Күнде жүгіреді. Осы ағаларына еріп, келесі жылы Алматы марафонына барғым келіп отыр. Мен де құралақан емеспін. Мектепте гимнастикаға қатысқанмын», – дейді Аққоян атаның жары Еркін Өмірзақова.

 «Мен ақсақалдың көршісімін. Жас жігіттерше өте шапшаң қозғалады. Көңілі сергек, мінезі елгезек. Осы ағамыздың қайрат-жігеріне таңғаламыз. Денсаулығы мықты. Түрі де жас көрінеді, 60 жастан енді ғана асқандай көрінеді. Бәрі жүгірудің арқасы болса керек», – деді желаяқ қарияның көршісі Болат Сүйеуұлы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін