Бұл мектеп 1964 жылы пайдалануға берілген. Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген ғимарат 300 орынға шақталыпты. Қазір мұнда 250 бала білім алады. Алайда мына көрініске қарап білім алады дегеннің бос сөз екенін түсінесің.
Тимур Чернооглу, мектеп оқушысы:
— Кейде сабақтан босатады. Құрылыс техникасы қатты гүрілдеп кеткенде ештеңе ести алмай қаламыз. Терезе, есік ауысқан күндері де үйде отырдық.
Құрылысқа қажетті қаржы тек шілденің соңында бөлініпті. Оған тендерге кеткен отыз күнді қосыңыз. Осының кесірінен 1-ші қыркүйек күні білім қуып келген оқушылармен бірге мектепке құрылысшылар да қатар кірген.
Александр Седельников, құрылысшы:
— Жұмыс көп. 50 жыл жөндеу көрмеген. Қабырғаларды сылайық десек кесегімен опырылып түсіп жатыр.
Ал аудандық білім бөліміндегілер жарты ғасыр жөндеу көрмеген ғимаратқа қаржы бөлінгенде қуанып, оқу жылы басталып кеткеніне де қарамадық. Ақшадан бас тартсақ тағы жарты ғасыр күтер едік дейді.
Берік Аюпов, Қызылжар аудандық білім бөлімінің бастығы:
— Асхана жұмыс істеп жатыр, сабақтар өткізіліп жатыр, екі смена бойынша расписание бойынша барлық сабақтар жүріп жатыр.
Алайда шендінінің сөзін мына көріністер теріске шығарып тұр. Бұл мектептің спорт залы. Тау-тау болып үйілген парталарға қарағанда балалардың соңғы рет дене шынықтыру сабағына қашан қатысқаны белгісіз. Ал оқушылардың жаттығу бөлмесі қазір құрылысшылар уақытша паналайтын орынға айналған.
Мектептің ауласында да аяқ алып жүру мүмкін емес. Құрылыс материалдары, құм мен тас. Ескі терезе мен есіктердің жақтаулары да шегелері шошайған күйі жатыр. Түнделетіп екінші ауысымнан шығатын балалардың бұл жерден қалай қорықпай өтіп жүргендері белгісіз.
Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары желтоқсанның біріне дейін бітуі тиіс. Алайда құрылысшылар уақыттың тым аз, ал шаруаның шаш етектен екенін алға тартып отыр. Сондықтан оқушыларға қысқы демалыстан кейін шаң-тозаңға қайта келуден басқа амал жоқ.