Жарияланды: 13700

"Қызым әкесін сағынып, талай рет табалдырықта ұйқтап еді". Күйеуі тастап кеткен әйелдің зары

"Қызым әкесін сағынып, талай рет табалдырықта ұйқтап еді". Күйеуі тастап кеткен әйелдің зары

Күйеуі оны қыз туа бергені үшін тастап кеткен. Ал ақыр аяғында бұл өзіне жақсы болған жоқ.

Жүрек шымырлатар бұл оқиғаның немен аяқталғанын білгіңіз келсе, Caravan.kz ұсынған белгілі журналист Жәзира Бегалының Фейсбуктегі келесі жазбасын оқыңыз.

- Берікпен студент кезде таныстым. Соңғы курста отау құрдық. Екеумізді отбасылық өмірдегі қиыншылықтар ерте есейітті. Пəтер жалдадық. Сəбилі болдық. Тұңғыш қызымыз дүниеге келді. Берік перзентханаға келген сайын мен жақсы көретін гүлдерді құшақтап келеді. Дəрігерлер тыйым салса да, ол терезеден бір құшақ гүлді көрсетіп, жымиып күлгеніме қуанады. Кейін қаладан пəтер сатып алдық. Оның қызметте жолы болды. Мен төрт қыз тудым. Берік қабақ шытып, ренжігенін ешқашан сездірген емес. Бəлкім, бақыттан басым айналып жүріп, байқамаған шығармын.

Кейінгі кездері оның жұмыстан кеш келуі жиіледі. Бұрынғыдай емес қыздары алдынан жүгіріп шықса аса қуанбайды. Үй шаруасына да селсоқ. Оның өзгергенін көрмеу, сезбеу мүмкін емес еді. Біз 13 жылда бір-бірімізді сөзсіз түсінетін едік. 13 жылдан кейін ол бізді тастап кетті. Əрі баспанамызды сатып, өзінің үлесін бөліп алды. Қызметтес келіншек ұл туып, тұяқ жалғастыратын мұрагер үшін бəрінен бас тартқанын айтқанда оның əрбір сөзі жүрегімді тілгілеп жатты. Ол қыз туғаным үшін кінə тақты. Сүйіктімнің сөздері сүйектен өтті. Машинасына мүлкін тиеп, үйді сатып, ақшаның тең жартысын бөліп, қалтасына салып, кетіп қалды.

4 баламды бағып-қағу үшін күндіз-түні жұмыс істедім. Уақыт менің жастығымды ұрлап жатты. Балаларыма деген махаббатым қиындықтарға мойымайтындай күш-қуат берді. Ал Берік сол кеткеннен бір келмеді. Əкесін сағынып, кенже қызым талай табалдырықта ұйқтады.

Тек 30 жылдан кейін Берік үйді тауып келіпті. Жүдеген. Ұлы түрмеде екі рет жазасын өтеп, баласын арашалау үшін абақтыда өзі үш жыл отырыпты. Бостандыққа шыққанда есірткінің құлына айналған ұлы дүние -мүлкін сатып жіберген. Əйелі де басқа еркекпен азаматтық некеде тұрып жатырмын деп, маңайына жолатпапты. Баратын жер таппаған болар. Содан бұрынғы достарынан сұрастырып бізді тапқан екен. Кешірдім. Бір бөлмені бердім. Оның үйде жүргені маған да соққы болса да немерелерімнің атасы, қыздарымның əкесі деп, іштей тындым. Бəріне көндім.

Бір шаңырақта тұрсақ та екеуміз сөйлеспейтінбіз. Ол жүзіме тік қараған емес. Бір айдан кейін ұлы есірткіден уланып, қайтыс болды. Қанша уақыт өткені есімде жоқ.

Бірде ол екі-үш күн үйге қонбады. Кейін біреулер Үлкен Алматы өзенінің жағасынан тауып, полицияға хабарлаған екен." Мəйітханадан алып кетіңіздер", - деген хабарды естігенде есеңгіреп қалдым. Сараптама жасағандар жүрек талмасынан көз жұмған деді. Ол табыттың ішінде кішкентай болып кеткендей көрінді көзіме. Қыздарым, күйеу балаларым жерледі.

Ол бір күрсініп, немере ұлын жетектеп, автобустан түсіп қалды. Балқия деген кісінің əңгімесінен кейін қыз туғаны үшін отбасын ойран еткен əкелер жайлы оқиғалар ойыма оралды. Дегенмен маған əйелін, қыздарын мұрагер туылмағаны үшін тастап кеткен еркектерді түсіну қиын екен.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін