Жарияланды: 500

Ресей мен Қазақстанның құқық қорғау мекемелерінің 2004-жылғы ынтымақтастық жоспары бекітілді

Астанада "Ресей мен Қазақстанның құқық қорғау мекемелерінің 2004-жылғы ынтымақтастық жоспары қаралып, бірқатар түзетулер енгізу нәтижесінде бекітілді". Бұл туралы бүгін, 10-ақпанда Астанаға ресми сапармен келген РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Владимир Рушайло Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін журналистерге хабарлады.

Ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көші-қон және заңсыз есірткі айналымымен күрес саласындағы екі ел құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық мәселесі екі жақ өкілдерінің қатысуымен бүгін өтетін дөңгелек үстелде егжей-тегжейлі талқыланады, деді В.Рушайло. Ол сондай-ақ, Ресей мен Қазақстанның құқық қорғау құрылымдары мен арнаулы қызметтерінің лаңкестікпен күрес бағытындағы іс-шараларын өзара үйлестіру қажеттігін мәлімдеді. "Бұған Мәскеуде болған соңғы оқиға нақты дәлел бола алады",- деді РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. Оның пікірінше, ол үшін бірінші кезекте, құқық қорғау құрылымдары мен арнаулы қызметтерді озық техникамен жабдықтау қажет. "Бұл мәселеге біз қосымша назар аударып отырмыз",- деді ол. В.Рушайлоның журналистерге хабарлауынша, "аталған мәселелердің барлығы да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған сұхбат барысында талқыланды". Сондай-ақ, президентпен жүздесуде Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы мен екі жақты қарым-қатынастар аясындағы өзара әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері сарапқа салынды. В.Рушайлоның айтуынша, Қазақстан президенті "екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселесіне айрықша маңыз" берумен бірге "оны оң бағытта дамып келе жатқан байланыс" деп бағалады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін