Тиісті қаулыға Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев қол қойған. Ресми Мәскеудің тосын әрекетінен біздің Үкімет хабардар екен. Бір қызығы араша түсудің орнына отандық кәсіпкерлердің өздерін кінәлап отыр. Сөздеріне сенсек, бизнесмендер арақты шекарадан заңсыз алып өтеді. Осы кезде, Ресей мен Беларусьтің арақ-шарабы елімізге еркін кіріп, дүкен сөрелерінде самсап тұр. Былтыр Ресейден 46 миллион долларға спиртті ішімдік импортталса, Қазақстан не бары жарты миллион доллардың тауарын экспорттаған. Осындай әділетсіздікке күйінген сенаторлар Ресейді Кеден Одағы бойынша келісімді өрескел бұзып отыр деп ашық айыптады.
Светлана Жалмағамбетова, Сенат депутаты:
— Біз де қарсы шешім қабылдауымыз керек. Үкіметтің қаулысымен біз де Кеден Одағының ішімдіктерін Қазақстанға жібермеуіміз керек. Біз неге тыныш отыруымыз керек?