Ресейде "Печатный экспресс" баспаханасындағы өрт салдарынан қаза тапқан қырғызстандық қыз-келіншектердің барлығы онда заңды жұмыс істеген. Бұл туралы Мәскеуде өткен жиын кезінде айтылды, деп жазады РИА Новости.
Жиынға Қырғызстанның көші-қон мемлекеттік қызметі мен еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің, Ресейдің еңбек және жұмыспен қамту федералдық қызметі,ішкі істер министрлігінің өкілдері қатысқан. Онда өрттен қаза тапқандардың туыстарына өтемақы беру мәселесі қаралып, қырғыз қыз-келіншектерінің Ресейде Еуразия экономикалық одағының бірыңғай еңбек нарығы аясында заңды жұмыс істегені айтылды. Ал бұрынырақ қамауға алынған баспахана бас директоры Сергей Москвиннің адвокаты оларды заңсыз жұмыс істеді деген еді.
Естеріңізге сала кетсек, Мәскеудің солтүстігінде орналасқан "Печатный экспресс" баспаханасындағы өрт 27 тамызда болды. Соның салдарынан 17 адам қаза тапты. Бәрі де 18-25 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Олардың 14-і Қырғызстан, 3-еуі Ресей азаматтары. Өрт салдарынан 11 қырғыз баласы шешелерінен айырылды.