Мәжілістің жалпы отырысы жаймашуақ басталған. Іші пысқан депутаттар телефондарына шұқшиып, тіпті жиын үстінде өзара әңгімелесуге кірісіп еді. Залдағы тыныштықты Аслан Сәрінжіпов бұзды. Бұл жолы Білім министрі жоғары оқу орындарын аттестациялауды тоқтатып, тәуелсіз аккредитациядан өткізу туралы заңға өзгеріс енгізу керек деген. Депутаттар бұған бірден қарсы шықты.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
-Меніңше, заңға өзгеріс енгізгеннен министрді ауыстырған оңай. Министр мырза, жоспарды бұзғаныңыз үшін неге осы отставкаға кетпейсіз?
Бас мұғалімнің дәлелі дайын. Сәрінжіповтің айтуынша, еліміздегі 127 жоғары жоғары оқу орнының басым бөлігі диплом басатын баспаханаға айналған. Сондықтан былыққа батқан жүйені қайта реформаламақ. Ал, Перуашевтің «орныңды босат» дегені ұнамағаны анық. Көмекшілерімен кеңесе келе, министр «Ақ жолдың» төрағасын нағыз «лоббист» деп салды.
Асылан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Перуашев мырзаның айтылған сөздері меніңше, жеке меншік шағын университеттерді қорғау үшін айтылды. Өйткені, бізде әлі де сапасыз білім беретін университеттер әлі де бар. Солармен күресу жұмысын біз жалғастырамыз.
Мұны естіген Азат Перуашев шалқасынан түсті. Мәжілістің жалпы отырысында қаралып жатқан 10-нан аса маңызды заң жобасын тастай сала, дәлізге дереу шығып министрге қарсы жауап берді.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
-Министр лауазымына сәйкес екеніңізді білейік деп сұрадым. Мәселе осында. Ол « лоббисің» деп отыр. Сол үшін сотқа беруге болады. Мен қалай болса да халық қалаулысымын. Депутаттық мандатымды ақтап жүрмін.
Перуашевты «лоббист» деп Сәрінжіпов қана емес,оған дейінгі министр Бақытжан Жұмағұлов та айыптаған. Кейін сол Жұмағұловтың өзі қызметінен кеткен болатын.
Ал, бұл жолы Перуашев ашулы. Депутаттық мандатыма кір келтірген Сәрінжіповты сотқа беремін деп шүйлігіп отыр. Тіпті әріптестерінің араша түсуін сұрап, Мәжіліс төрағасына Білім министрінің үстінен Бас прокуратураға арыз жазуын өтінді. Осылайша, өзара тартысып жүргенде жоғары оқу орындарының тағдырын шешетін құжат қабылданбай, үшінші оқылымға қалды.