Жарияланды: 570

Семей өңірінің тауқыметтері әлемдік қауымдастықтың бірлескен күш-жігерімен ғана шешіледі - ҚР СІМ-нің орынбасары

Семей өңірінің тауқыметтері әлемдік қауымдастықтың бірлескен күш-жігерімен ғана шешіледі. Бүгін, 10-ақпанда Семей өңірін сауықтыруға халықаралық көмек тартуды пәрмендендіру мәселесі бойынша донор-елдер мен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте ҚР СІМ-нің орынбасары Қайрат Әбусейітов осындай мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Соңғы бірнеше жылда Семей өңірін сауықтыру бағытында Қазақстанға дүниежүзінің көптеген елдері қолұшын бергенін атап өткен вице-министр, соның өзінде кейбір мәселелердің күні бүгінге дейін шешімін таппай отырғанына тоқталды. Олардың арасынан Қ.Әбусейітов аймақ тұрғындарының денсаулығын сауықтыру, топырақты қалпына келтіру, таза ауыз суға халықтың қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету секілді мәселелерді бөле-жара атады. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Фикрет Акчура осы орайда БҰҰ Бас ассамблеясы Семей өңірін экономикалық дамыту, аймақ экологиясы мен тұрғындар денсаулығын сауықтыру бағытында Қазақстанға жәрдемдесу жөнінде үш бірдей резолюция қабылдағанын атап өтті. 1999-жылы Токиода өткен бас қосуда бірқатар халықаралық ұйымдар мен донор елдер аумақты дамыту бағытындағы 38 жобаға қолдау көрсетуге міндеттеме жүктеп алды. Қаржылық көмек ауқымы 20 млн. долларды құрауы тиіс. Ф.Акучураның хабарлауынша, соңғы жылдарда Қазақстан үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасының басшылық етуімен Семей өңіріне қолдау көрсетуге бағытталған көптеген жобалар қолға алынды. Атап айтсақ, 2002-жылдың басынан бері шағын бизнес саласына шағын несиелер тарату бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама бойынша Семейлік кәсіпкерлер 4,3 млн. доллардан асатын несиеге ие болды. Шығыс Қазақстанда шағын гранттар бағдарламасы қолға алынған. Бағдарлама шеңберінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылшаруашылығы және агроөнеркәсіп саласын дамыту, мүгедектерге әлеуметік көмек көрсетуге бағытталған 69 жобаға қолдау көрсетілді. ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Батырхан Исаевтың хабарлауынша, 2004-жылы Семей өңіріндегі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,184 млрд. теңге бөлінді. Алдағы жылы осындай қаржы көлемі 665 млн. теңгеге артады. Алайда, ауыл инфрақұрылымын дамытуға, соның ішінде өңірде медициналық мекемелер салуға бағытталған бірқатар жобалар қаржыландыруды талап етіп отыр. 1949-жылдың 29-тамызында КСРО Семей полигонында тұңғыш рет атом бомбасын сынақтан өткізді. 40 жылға созылған осындай сынақтар барысында 349 ядролық жарылыс жасалды. Семей полигоны ҚР президентінің 1991-жылғы 29-тамыздағы жарлығымен жабылған болатын. ҚР үкіметінің ақпаратына сәйкес, қазір елімізде ядролық сынақтар мен оның зардаптарынан 400 мыңдай тұрғын жапа шегуде. Олардың 70 проценті Шығыс Қазақстан тұрғындары.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін