Оның айтуынша, прокуратура мен қаржы полициясы департаменті бірлесе жүргізген тексеру барысында 2006-жылдың ақпан айында психоневрологиялық науқастарға арналған интернат директоры Шайза Рысбекованың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оған ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқыру және лауазымдық құзыретін теріс пайдалану жөнінде айып тағылған.
«Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысында Рысбекова тауардың нақты құны мен жөнелтпе құжатта көрсетілген бағаның арасындағы айырмашылықты өзі иемденіп алған. Көптеген сараптамалардың нәтижесінде дәлелденген шығындардың көлемі 8 млн теңгеге жуық болып шықты»,- дейді М.Сушкова. Сонымен бірге тексерулер нәтижесінде мемлекеттің қамқорлығындағы адамдардың пәтерлерін иеліктен шығаруға қатысты көптеген деректер анықталған.
Прокурордың көмекшісінің айтуынша, «Рысбекова сонымен бірге халық қалалулысы, қалалық мәслихаттың депутаты болған». «Соған қарамастан ол қара басының мүддесін өз құқықтары мен заңды мүдделерін психикалық ахуалына байланысты өз бетімен қорғай алмайтын, тағдардан таяқ жеген адамдардың мүддесінен жоғары қойған»,- деді М.Сушкова.
«Ал сот болса айыпкерге шартты жаза кесті, Рысбекованы тағылған айыптардың арасынан кілем сатып алу жөніндегі тұсына ғана қатысы бар кінәлі деп тауып, оның қылмыстық әрекеттерін орташа ауыр қылмыстардың санатына жатқызды»,- деді прокурордың көмекшісі. «Прокуратура мұндай үкіммен келісе алмай, аппеляциялық шағымдану мерзімінде қарсы шағым түсірді»,- деді М.Сушкова.
Облыстық сот прокуратураның қарсылығын қанағаттандырып, қылмыстық іс қосымша тексеруге жолданып, кешікпей Семей қалалық сотының қайталап қарауына жіберілді. Жуырда сот үкімі қайта шығарылып, Ш.Рысбекова 5 жылға бас бостандығынан айрылып, жазасын қатаң тәртіпті абақтыда өтейтін болды. Бұған қоса ол 3 жыл мерзіммен мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарға тағайындалу құқығынан айрылды. Сотталған әйел сот залында қамауға алынды.