Әзілхан Нұршайықов — 1947-48 жылдары бұрынғы Семей облысының "Екпінді" (қазіргі "Семей таңы") газетінде тілші, жауапты хатшының орынбасары қызметтерін атқарды. Жазушының еңбек жолы бүгінгі «Семей таңы» газетінен бастау алады.
Ырысхан Мұсаұлы еңбек жолын "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас Алаш") газетінде бастаған. 1964 жылдан бастап Семейдің облыстық «Семей таңы» газетінде жемісті қызмет еткен. Осы газеттің бас редакторы ретінде аймақтағы қордаланған көптеген мәселелердің шешім табуына, қоғамдық пікірлердің қалыптасуына, тәуелсіздіктің баянды болуына қаламымен де, қажыр-қайратымен де атсалысқан.
Газеттің ардагерлері, Қазақстанның Халық Жазушысы Әзілхан Нұршайықов пен айтулы қаламгер, белгілі журналист Ырысхан Мұсаұлына арналған ескерткіш-тақтаның ашылуына зиялы қауым, журналистер, қос тұлғаның ұрпақтары да арнайы келіп қатысты.
Қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов «Семей таңы» газетінің тоқсан бес жылдығы аясында аттары дүйім жұртқа мәлім қаламгерлердің құрметіне орнатылған ескерткіш-тақталарының ашылуымен құттықтады. Бейсенбек Тоқтарбекұлы құттықтау сөзінде атап өткендей, «Семей таңы» еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, көзі қарақты қалың оқырманның құрметін иеленген газет. Тоқсан бес жылдық тарихы бар «Семей таңы» газеті әрдайым ел аумағында, өңірімізде атқарылып жатқан игілікті істердің, жағымды жаңалықтардың жаршысы болып келеді. Газет ұжымы халық арасында Елбасымыздың сарабдал саясатын насихаттап, мақтан тұтар байлығымыз, басты құндылығымыз саналатын ұлтаралық татулықты, береке-бірлікті дәріптеуде зор үлес қосуда. Айрықша маңызға ие салаларда қол жеткізген жетістіктеріміз бен жүзеге асырылған байыпты бастамалар туралы ақпаратты да «Семей газетінің» редакциясы назарынан тыс қалдырған емес. Мәслихат хатшысы есімдері ел жадында мәңгілік сақталатын тұлғаларымыздың рухына тағзым етудің ерекше бір көрінісі болып табылатын игілікті бастаманы жүзеге асырып газет басшылығы мен ұжымына алдағы уақытта да табыстан табысқа жетіп, абыройының еселеп арта беруін тіледі.
Ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатында қала ардагерлері атынан Абайдың жиені, «Семей таңы» газетінің рухани жанашыры Балтабек Ерсәлімов, «Семей таңы» — «Вести Семей» газеттерінің бас редакторы, Семей қалалық мәслихатының депутаты Риза Молдашева құттықтау сөз сөйледі.