Семейде бүтін бір жатақхана тұрғындары далада қалды
|
Семейде бүтін бір жатақхана тұрғындары далада қалды. Талай жылдан бері мүгедектер мен көпбалалы отбасылар пана еткен ғимаратты жергілікті пәтер иелері кооперативінің төрайымы меншіктеп алған екен. Енді жаңа қожайын мұндағы бөлмелерді шетінен сатып жатыр. Ал жарымжан жандардың араша сұрап бармаған жерлері жоқ, бірақ ешкім қол ұшын созбаған.
Жатақсыз жан баққан жарымжан жандар жағаға жармасуға көшкен осылай. Қуықтай бөлмелерін табан астында тартып алғандықтан ешбірінің сіркесі су көтермейді. Құдайы көршінің өзін жүндей түтіп жіберуден тартынбайды тұрғындар. Бірақ бәрінің бас қайғысы біреу – айдың-күннің аманында айдалада қалмақ. Кезінде жекешелендіруге рұқсат бермеген әкімдік, енді тұтас жатақхананы аяқ асты біреудің меншігіне бере салған. Ал жаңа қожайындар мүгедектерді жаппай қуып жатыр.
Николай Ельчанинов, жатақхана тұрғыны:
-Қайда барарымды білмеймін, қолым ауырады, көзім көрмейді. Осыны айтсам, ол сенің мәселең үйді босат деп айқайлады.
Сал боп қалған қарияның қолтығынан демейтін тірі жан да, анталағандарға қылар қайраты да жоқ. Амалсыз сүйретіле жүріп, киім-кешегін буып түюде. Түнді темір жол вокзалында өткізбекке бекініпті. Ал Гүлжан болса ауру анасы мен төрт баласын ертіп көшеде қаңғыруға құлықсыз. Тұрғындардың базынасы басым. Олар әу баста келгенде бұл тас қабырғалардың сау-тамтығы қалмаған. Енді жан бағатын жерге айналдырғанда айрылып қалмақ.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін