Семейде интернеттегі белсенділер сөзден іске кірісті - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Семейде интернеттегі белсенділер сөзден іске кірісті

Семейде интернеттегі белсенділер сөзден іске кірісті

Семейлік белсенділер қаланы қоқыстан арылтуға шықты. Ол үшін әлеуметтік желі арқылы хабарландыру жасалған. Еріктілер алдымен қалааралық жол бойындағы қалдықтарды жинастырды. Сондай-ақ, демалыс орындарын да қоқыстан тазартып қоймай, адам көп жиналатын аумаққа бейнебақылау камерасын орнатып жатыр. Көшеге қоқыс тастағандар соған түсіп қалған жағдайда, бейнежазба тәртіп сақшыларына тапсырылмақ.

  • 10 Маусым 2015
  • 260
Фото - Caravan.kz

Семейден шыға берістегі тас жол бойында тазарту жұмыстары қызған. Арлы-берлі өтетін көліктерден қоқыс көп тасталады екен. Енді соны еріктілер тобы жинастыруда. Ол үшін әлеуметік желі арқылы хабар жіберіліп, тазалыққа бей-жай қарамайтындар көше тазалауға шыққан.

Қуаныш Қасенов, ШҚО «Жасыл ел» штабының директоры:

-100 баланы шақыртып, жұмыс істеткенше, өз еркімен келген 50 адамның жұмысына жетпейді. Себебі ерікті адамның жұмысы, ол өзі үшін істейді, елі үшін, жері үшін істейді.

Еріктілердің бір тобы қалааралық жолдарда жүргенде, қалғандары шаһар ішіндегі демалыс орындарын тазалауда. Мәселен, Ертіс өзенінің Түйемойнақ аралы тұсындағы жағажайда кешкісін жастар жиі бас қосады екен. Сыра шөлмектері мен темекі қораптарынан аяқ алып жүру қиын. Қоқысты жинаумен қатар еріктілер бұл тұста енді бейнебақылау камерасын орнатты.

Жасұлан Құрманғалиев, Семей қаласының тұрғыны:

-Біз әзірге бір камера орнаттық. Ол, әлбетте, аздық етеді. Шаһардың тазалығына жанашыр азаматтарға үлгі көрсеткіміз келді. Камера тек күндіз ғана емес, түнгі уақытта да анық түсіреді.

Дәл осы жерге некесін енді қиған жастар да соғады. Шарт бойынша, күйеу жолдас биік ағаштың басына шығып, жіппен байланған қос бөтелкені ілуі керек. Ал белсенділер көшені ластаушылар түсірілген жазбаны бірден тәртіп сақшыларына тапсырамыз деп отыр.

Заңға сәйкес қоқыс тастаған адамға айыппұл салынады. Осы әрекеті қайталанса, абақтыға қамалуы да мүмкін. Алайда жауапкершілік жайлы ойлайтын адамдар аз көрінеді. Ал еріктілер камераға түскен жазба бұлтартпас дәлел ретінде қолданылатынын айтуда. Қала тұрғындарының санасын ояту үшін оны тағы бірнеше жерде орнатуды жоспарлап отыр.