"Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Кешен арқылы жылына 11,5 млн. тонна жүк тасымалданатын болады. Оны құрудағы басты мақсат тек жүктерді өңдеу ғана емес, сондай-ақ кедендік рәсімдеу болып отыр. Қытайдан Семейге жүк түсіп, ол кедендік тазартудан өтеді де, әрі қарай Ресей, Беларусь мемлекеттеріне, Батыс Еуропаға жөнелтіледі", — дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, көліктік-логистикалық орталықтың Семейде салынуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ол халықаралық автомобиль жолдарының тоғысқан жерінде орналасқан. Мұнымен қатар, Семей арқылы трансшекаралық Ертіс өзені ағып өтсе, өңірдегі теміржол мен халықаралық әуежай да логистиканы дамытуға ықпал етпек.