Қарызды қайтарудан жалтарып жүрген дәмхана, дүкен сияқты 10-нан астам нысан бүгін орталық құбырдан ажыратылды. Енді жылу қабылдау үшін олар берешегімен қоса, қосымша 200 мың теңге көлемінде үстемесін төлеуі тиіс. Коммуналдық мекеме бастаған бұл шара қазірде жергілікті әкімдіктің қолдауына ие болды. Бұған дейін бірнеше рет соттасып, қарызды қайтара алмаған «Жылукоммунэнерго» осы арқылы 500 млн. теңгедей берешегін өндіріп алмақшы. Бір айтары, жылудан қағылған нысандардың біразы көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Бұл борышкерлермен күреске олар кәсіпкерлердің көршілерін де жұмылдыруды жөн көріп отыр.
Исламбек Қарханов, «Жылукоммунэнерго» мекемесінің басшысы:
— Егер төлемесе бірден құбырды кесіп тастаймыз. Кәсіпкерлердің кесірінен жылусыз қалған тұрғындар оларды енді қарызды өтеуге міндеттейтін болады. Тығырықтан шығатын бұдан басқа жолды көріп тұрғам жоқ!