Жарияланды: 570

Сенат Астананы сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыруға Жапондық банктің несиесін тарту туралы келісімді бекітті

Бүгін, 6-қарашада Астанада өткен сенаттың жалпы отырысында парламент депутаттары "Астана қаласын сумен қамтамасыз ету және канализация жүйесі" жөніндегі жоба бойынша несие алу туралы ҚР үкіметі мен Жапонияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі банкі арасындағы Келісімді бекітті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

"Бұл жобаны жүзеге асыру Елорда тұрғындарын жеткілікті көлемде таза ауыз сумен қамтамасыз етуге мүкіндік береді, ал бұл өз кезегінде қарқынды дамып келе жатқан Астана үшін және саны барған сайын арта түскен Елорда тұрғындары үшін айрықша маңызды болмақ",- деді палатаның жалпы отырысында заң жобасын таныстырған Астана әкімінің орынбасары Сансызбай Есілов. Келісімге сәйкес, Қазақстан үкіметіне 21 млрд. 361 млн. жапон йенасына тең (қазіргі бағам бойынша бұл 161,2 млн. АҚШ долларына тең) мөлшерде несие бөлінеді. Соның ішінде құрылыс жұмыстарына 17 млрд. жапон йенасы, ақыл-кеңес қызметінің ақысына 1 млрд. 698 млн., алдын-ала болжанбаған шығындарға 2 млрд. 659 млн. йена бөлінбек. Ал ҚР үкіметі тарапынан қаржыландыру көлемі 7 млрд. 120 млн. жапон йенасынан аспайды. Бөлінген несиенің проценттік сыйақысы жылына 2,2 процентке тең. 10 жылдық жеңілдетілген өсім белгіленген мерзімді қоса ескергенде жалпы несие 30 жылда қайтарылуы тиіс. Жоба жүзеге асырылған жағдайда Астанада Вячеславский су қоймасындағы жаңа су жинау станциясымен бірге жаңа сүзгілі-насостық станция салынады. Сондай-ақ, қолданыстағы станция жаңаланып, су таратушы құбыр жүйесі жетілдіріледі. Жоба 2008-жылдың ақпан айында толыққанды жүзеге асырылып аяқталады деп күтілуде. Бұдан кейінгі шыққан ақауларды жоюға бағытталған арнайы кезең де осы мерзімге қамтылады. Заң Елбасының қол қоюына жіберілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін