Сенат елімізде өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты Қылмыстық заңнамаларға енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда қабылдады - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+29 °C
Алматы
2024 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сенат елімізде өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты  Қылмыстық заңнамаларға енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда қабылдады

Сенат елімізде өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты Қылмыстық заңнамаларға енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда қабылдады

Бүгін, 12-ақпанда өткен сенаттың жалпы отырысында халық қалаулылары елімізде өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты ҚР Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару Кодекстеріне енгізілетін түзетулерді алғашқы оқылымда мақұлдады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

  • 12 Ақпан 2004
  • 1440
Фото - Caravan.kz

Заң жобасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің өлім жазасына кесілген және мораторийдің арқасында өлім жазасын қолданудан құтылған адамдардың мәртебесін айқындау және мораторий күшіне енген және ол алып тасталғаннан кейінгі кезеңде қылмыстық жазаларды жүзеге асыру тәртібі мен шарттарына қатысты бөліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ал ҚР Қылмыстық-процессуалдық Кодексіне енгізілетін толықтырулар өлім жазасы туралы үкімді қарау негіздемесі мен тәртібін, өлім жазасына жарияланған мораторийдің күшіне ену және оны алып тастау тәртіптерін айқындайды. ҚР Қылмыстық-атқару Кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар мораторий күшінде тұрған мерзімде өлім жазасын қолдануды тоқтату, сондай-ақ, мораторий алып тасталғаннан кейін өлім жазасы туралы үкімді жүзеге асыру тәртіптерін реттейді. Сондай-ақ, мораторий кезінде және ол алып тасталғаннан кейін өлім жазасына кесілгендерге кешірім жасау құқығын қамтамасыз етуге кепілдікті заңдастыру да қарастырылып отыр.

Аталмыш заң жобасы бойынша палатаның жалпы отырысында баяндама жасаған ҚР әділет министрінің орынбасары Сабыржан Бекбосыновтың айтуынша, «кісі өлтіру, зорлық-зомбылық тәрізді жеке тұлғаға қарсы жасалатын қылмыстар саны күрт артқан жағдайда ғана» өлім жазасына жарияланған мораторийді алып тастауға теориялық мүмкіндік бар. Алайда, оның айтуынша, «тек мораторий ғана емес, тіпті өлім жазасын біржола алып тастаған елдердің тәжірибесіне қарағанда, аталмыш шаралардан кейін қылмыстардың тіптен өрши түсу көрінісі байқалған жоқ».
ҚР әділет министрі орынбасарының айтуынша, 2003-жылы елімізде 17 адамға өлім жазасын қолдану туралы үкім шығарылған. Алайда, өлім жазасына мораторий жариялау туралы Елбасының жарлығы шығуына байланысты бұл үкімдер жүзеге асырылған жоқ.
Өлім жазасына мораторий жариялау туралы Елбасының Жарлығына 2003-жылдың 17-желтоқсанында қол қойылды.
Регламентке сәйкес, еліміздің кодификациялық заңнамасына түзету енгізілетіндіктен, «Өлім жазасына мораторий жариялануына байланысты ҚР Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару Кодекстеріне өзгреістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын сенат екінші оқылымда қарайды.