Заңнамаға 400-ден астам өзгеріс енгізетін жоба негізінен Қазақстан азаматтарына ауылшаруашылық жерлерді жалға беру тәртібін реттейді. Жоба жерді түгендеу, топырақ зерттеу, жайылымдық жер жағдайын анықтау, елді мекендердің шекарасын сызу мен мемлекет қажетіне жерді қайтарып алу жұмысын да қарастырады, деп хабарлады Азаттық радиосы.
Заң авторларының айтуынша, жерді жалға беру конкурстарын өткізетін жер комиссиясының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, үкіметтік емес ұйым өкілдері де кірмек. Сонымен қоса, жекелеген адамдар мен тұлғаларға жалға берілетін жер мөлшері шектелген. Жоба бойынша "шекараға жақын" аймақтардағы жер шетелдіктерге, шетелдік үлесі бар компаниялар мен шетелдік азаматпен некелескен Қазақстан тұрғындарына жалға берілмейді.
Заң жобасын парламент мәжілісі ақпан айында екінші оқылымда мақұлдаған. Енді құжат президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюына жіберілмек.
Қазақстанның жер туралы заңына 2015 жылы күзде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен өзгерістер енгізілген еді. Ол өзгерістер 2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамында резонанс тудырған "жер митингілеріне" түрткі болды. Алғашқы "жер митингісі"2016 жылы сәуірдің 24-і күні Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында өтті. Акцияға қатысушылар заңдағы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы баптарға қарсылық білдіріп Назарбаевқа үндеу жолдады. Бұдан соң бірнеше қалада "жер дауына" қатысты наразылық акциялары өтті. Осыдан кейін президент Назарбаев әлгі заңның даулы баптарына бес жылға мораторий жариялап, заңды талқылау үшін қоғамдық жер комиссиясынқұрған.
Оқи отырыңыз: