Жарияланды: 700

"ШевронТексако" корпорациясы еліміздегі Солтүстік Бұзашы кенішіндегі өз үлесін сататынын жариялады

"ШевронТексако" корпорациясы еліміздегі Солтүстік Бұзашы мұнайгаз кенішінің 65 проценттік үлесін иемденетін "Тексако Солтүстік Бұзашы Инк." компаниясын Қытай ұлттық мұнай компаниясына (CNPC) сататынын жариялады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "ШевронТексако" корпорациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұл сауда-саттыққа түсініктеме берген "ШевронТексако" корпорациясы төрағасының орынбасары Питер Робертсонның мәлімдеуінше, "Солтүстік Бұзашы жобасына қатысу үлесін сату туралы шешім - компанияның өз иелігіндегі ғаламдық активтер қоржынын қайтадан қарап, олардың ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға сай келмейтін бөлігін сатуды ұйғарғандықтан қабылданып отыр". "Біз Қазақстандағы жетекші мұнай өндіруші компания боламыз. Қазір біздің иелігімізде тепе-теңдік сақталған активтер қоржынымыз бар. Онда Теңіздегі аса бай мұнай қорын игеруде жетекші позицияға шығаратын (ШевронТексако үлесі 50 процент), сондай-ақ, Қарашығанақ газ конденсаты кеніші (20процент) мен Каспий құбыр консорциумының 15 проценттік үлесім иемденуге мүмкіндік беретін активтер қоры бар",- деді П.Робертсон. Сондай-ақ, ол "корпорация өз тарапынан аталмыш жобалардың аясын кеңейтуге инвестиция салу, болашақта компания үшін жобалардың қосымша құнын мейлінше арттыруға баса назар аударғалы отырғанын" хабарлады. Солтүстік Бұзашы мұнай кеніші Каспий теңізінің жағалауындағы Ақтау теңіз айлағынан солтүстікке қарай 120 миль қашықтықта, Батыс Қазақстан аумағында орналасқан. Кеніштің алдын-ала бағаланған қоры Американдық мұнай институтының шкаласы бойынша тығыздығы 200 -ді құрайтын шикі мұнай қоры 1,5 млрд. баррельге тең. Ағымдағы мұнай өндіру көлемі тәулігіне 8,400 баррельді құрайды деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін