Шу ауданының жұрты 40 жылдан бері ауыз суға жарымай отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 477.11
  • 545.58
+33 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шу ауданының жұрты 40 жылдан бері ауыз суға жарымай отыр

Шу ауданының жұрты 40 жылдан бері ауыз суға жарымай отыр

Жамбыл облысы Шу ауданының жұрты ауыз суға жарымай отыр. Аудан орталығының 500-ден астам тұрғыны 40 жылдан бері, таза суды татып көрмепті. Олар бірнеше шақырым жерден тіршілік көзін тасып ішуге мәжбүр. Ал, жергілікті билік, бұқараның бас ауруына айналған мәселені шешуге асығар емес. 

  • 26 Қазан 2013
  • 544
Фото - Caravan.kz

Қаланың қақ ортасында тұрса да мұндағы жұрт өркениеттің жетістігінен құр алақан қалған. Көгілдір отын жоқ, жолы да шұрық тесік. Әсіресе ауыз судың азабы жанға батты дейді. Өйткені сегіз көшенің тұрғындары 40 жылдан бері таза суды татып көрмепті.

Нұрлан Әбуев, Шу қаласының тұрғыны:

— Не ауыз су, не арық су жоқ. Әркім үйінен колонка қазып алған, елу метрге дейін колонка ұрдық. Тәтті су шықпайды, бәрі ащы су. Шәй ішсең бетінде бір тұз тұрады. Балалардың бәрі содан денсаулықтарын құртып ауру.

Бес жүзге жуық ағайынның күні орталық мешітке қарап отыр. Себебі таза су сонда ғана бар. Тіршілік көзіне қол жеткізу үшін, олар күнделікті бірнеше шақырымды шарлап қайтады. 

Шаршасақ та келеміз, амал жоқ, енді қайтеміз. Ауырамыз, сыздаймыз.    

Тұрғындар жуырда ғана судың жырын айтып, жергілікті билікке барыпты. Бірақ, ондағылар жұртқа жәрдемдесудің орнына үміттерін су сепкендей басқан.   

Айша Тұрғанова, Шу қаласының тұрғыны:


— Қанша жыл болды тұрып жатқандарыңа деді, 40 жыл болды дедім. Әлі 40 жыл тұрыңдар деді. Су сендерге берілмейді деді.

Атқамінерлер бұл жағдайға әбден қанық. Әне-міне шешімін табамыз деп ант су ішіп отыр. Ол үшін 800 млн. теңгенің сметалық құжатын да  әзірлепті. Бірақ, нақты қашан жұрттың суға жаритынын кесіп айта алмай отыр.    

Әлихан Балқыбеков, Шу ауданы әкімінің орынбасары:

— Нақты уақытын дәл қазір айта алмаймын, біз егерде қаражат мәселерерін шешетін болсақ ендігі жылы құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Бір-екі жылдың көремінде шешуге тырысамыз.

Қарашаның айтуынша, билік өкілдері 8 көшенің тұрғындарын алалап екі топқа бөліп тастаған. Ауқаттылар мен кедей-кепшіктер деп. Себебі бай-бағландар тұратын ауданның суы бар, газ тартылған, тіпті жолы да тақтайдай тегіс. Ал, қарсы беттегі мына ағайынның жағдайы мүшкіл. Ауыз суы да, көгілдір отыны жоқ, ал жолдың сиқы мынау, тас-талқаны шығып жатыр.