Жарияланды: 920

Шүлбі Су электр станциясында шлюзды арна салу жұмысы 2004-жылдың мамыр айында аяқталады

Шығыс Қазақстан облысындағы Шүлбі Су электр станциясында шлюзды арна салу жұмысы 2004-жылдың мамыр айында аяқталады. Құрылыс салу жұмыстары жоспардағыдан жылдам қарқынмен жүргізілуде. Нысанды іске қосу мерзімі осымен екінші мәрте ілгерілетіліп отыр. Бұл туралы "Суөнеркәсіптік құрылысы" ААҚ директорының орынбасары Владимир Крекнин мәлімдеді.

Нәтижесінде құрылыс жұмыстарын межедегі 2005-жылдан бұрынырақ бітіруге мүмкіндік бар. 1976 жылы құрылысы басталып, қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалған нысан құрылысын жалғастыруға 2003 жылы республикалық бюджеттен 900 млн. теңге бөлінген болатын. 2002-жылы нысанды салу жөніндегі тендерде "Суөнеркәсіптік құрылысы" ААҚ жеңіске жетіп, жұмыс қайтадан жанданды. Шлюздың іске қосылуы кеме шаруашылығын жандандырып, Ертіс өзені арқылы Ресейден Қытайға дейінгі су жолы қатынасын нығайта түспек. Бұл бағытта ағаш, көмір, жанар-жағармай, қиыршық тас және басқа да материалдар тасымалдау көзделіп отыр. "Шлюзды іске қосу поселкеде қосымша жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етпек. Осылайша қаңырап қалған пәтерлерге тұрғындар қайта қоныстанып, ауыл тірлігіне жан бітетініне үміттіміз",-дейд" Шүлбі ауылының әкімі Лилия Гребельная. Қазір бұл елдімекенде 300-дей пәтер қаңырап бос тұр. Шүлбі шлюзінің құрылысы аяқталғаннан кейін Ертіс арқылы жылына 500 мыңнан 2,5 мың тоннаға дейін жүк тасымалданатын болады. В.Крекниннің айтуынша, "шлюз құрылысын қайтадан сала бастау нәтижесінде Шүлбі ауылында бетон және арматура зауыттары мен темір-бетон құрылғылар өндіруші кәсіпорындар іске кірісті". Қазір бұл нысандарда 200 адам еңбек етуде. Алдағы уақытта қосымша 150 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар. Шлюзды арнаны пайдалануға бару нәтижесінде, мамандардың айтуынша, ең арзан көлік түрі болып саналатын Ертіс өзеніндегі кеме қозғалысы қайтадан жанданады деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін