Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінен атап өткендей, тамызда кене энцефалитімен науқастану жағдайы тіркелмеген. «Тек кене шаққан жекелеген жағдай тіркелген»,- деп түсіндірді департаменттегілер. Сөйтіп, өткен аптада 8 жағдай тіркелген, соның ішінде 6 жағдай — эндемиялық аумақтан.
Департаменттің ақпараттарына сүйенсек, 2007 жылдың 28-наурызы мен 21 тамызы аралығында облыстың емдеу-профилактикалық мекемелеріне кене шаққан 2485 адам медициналық көмекке жүгінген, олардың 30,2 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Департаменттегілердің айтуынша, 2006 жылы осы кезеңдегі кенеден зардап шеккендер саны — 2280 адам.
Кене шаққан 1499 тұлғаға (60,3 пайызы) алдын алу мақсатында иммуноглобулин егілген, олардың 487-сі (69 пайызы) 14 жасқа дейінгі балалар. Қалғандары кеш жүгінгендіктен серологиялық профилактикалық шараларға қамтылмай қалды.
Облыста кене энцефалитімен ауырғандардың саны 7 адамды құрап отыр.
Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінен атап көрсеткендей, ахуалдың тұрақтанғандығына қарамастан кене энцефалитімен науқастанудың алдын алу және тұрғындар арасында емдеу-профилактикалық шаралар мен санитарлық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда.