Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «Ауыл» кеден бекетінде кедендік бақылау шарасының аясында 41 жастағы әйелдің қол жүгінен декларацияда көрсетілмеген 29 600 АҚШ доллары көлемінде шетел валютасы табылды. Кеденшілер әйелдің Семей — Барнаул бағытындағы автобуспен Қазақстаннан Ресейге бет алғанын анықтады.
«Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген валюта жасанды емес, «Семей» кеден бекетінің кедендік кірісті есептеу бөлімінің есебінше, валютаның ҚР ұлттық ақшасына шаққандағы жалпы көлемі 3 606 872 теңге болды», — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бұл дерек бойынша «Семей» кеден бекетінің контрабандамен күрес бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы (қылмысқа дайындалу және қылмысқа әрекет жасау) мен 209-бабы (экономикалық контрабанда) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті