Шығыс Қазақстанда қария тірі жүріп, марқұмдар тізімінен табылды - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шығыс Қазақстанда қария тірі жүріп, марқұмдар тізімінен табылды

Шығыс Қазақстанда қария тірі жүріп, марқұмдар тізімінен табылды

Көзі тірісінде марқұмдар арасынан табылған зейнеткер.

  • 12 Тамыз 2016
  • 559
Фото - Caravan.kz

67 жастағы Шығыс Қазақстандық Виктор Сидоркин бір айдан бері «тірі» екенін дәлелдей алмай жүр. Зейнетақысын алуға барған азамат аяқ астынан өзінің шілде айының басында Қарағанды қаласында қайтыс болғанын біліп, қайран қалған. Виктор Сидоркин туғаннан бері Зырян қаласында тұрады. Жамбасы сынғандықтан жүріп тұруы қиын.Дегенмен ақырындап үй тірлігімен айналысып, уақытын немерелерімен өткізеді. Алайда көңілі тыныш қария аяқ асты әбігерге тап болды. Соңғы рет зейнетақысын алуға барған кезде өмірі табан тіреп көрмеген Қарағандының өлілер тізімінде тұрғанын естіп, есінен тана жаздапты.

Виктор Сидоркин, зейнеткер:

— Әдеттегідей зейнетақымды алуға барған едім, түспепті. Содан орталыққа барып біліп едім, менің Қарағанды қаласында марқұмдар тізімінде тұрғанымды айтты. Мен ол қаланың қай жақта екенін де білмеймін, ешқашан барып көрмеген жерім.

Зейнетақы төлеу орталығының мамандары да қарияның бұл сөзін растап отыр.

Наталья Карыкпаева, аудандық зейнетақы төлеу орталығының маманы:

— Бастапқыда мүмкін аттас адамдар болып, шатасқан болар деп ойладық. Алайда арнайы ортақ бағдарламамен тексерген кезде шынымен де қайтыс болған адамдар тізімінен табылды. Қалайша осылай болып шыққаны бізге де түсініксіз.

Ал Қарағандылық полиция қызметкерлерінің айтуынша, жергілікті тұрғындардың хабарлауымен 21 қаңтар күні Михаилов полиция бөлімшесіне ақыл есі-кеміс егде жастағы адам жеткізілген. Ешбір құжаты болмаған ол өзін ауызша таныстырыпты.

Бақытжан Кұдияров, Қарағанды облысы ІІБ баспасөз қызметінің басшысы: — Азамат өзін 1948 жылы туған Сидоркин Виктор Анисимович деп таныстырған. Өзіне жауап бере алмайтындай жағдайда болғандықтан оны психоневрологиялық больницаға жатқыздық. Сол жерде жарты жылдай ем қабылдап, өкінішке орай сол жерде қайтыс болды.

Қарағандыдағы медициналық сараптама орталығына да осы мәлімет түседі. Осылайша зыряндық Сидоркиндер отбасына суыт хабар жеткен. Бұл салғырттық қарияны да, оның туыстарын да таң қалдырып отыр.


Ольга Сидоркина, зейнеткердің келіні:

— Мүрденің кімдікі екеннін білу үшін алдымен оның құжаттарын тексеріп, мекен-жайына келіп сұрастырады ғой. Ал бізге ондай сұрақпен бір адам келген жоқ. Жай ғана қайтыс болғандар қатарына қоса салған.

Жауапсыздық салдарынан Виктор Анисимович бірнеше ай бойы зейнетақысынан қағылады. Жақында ғана зейнетақы төлеу орталығы зейнеткердің әлі де марқұмдар тізімінде тұрғанына қарамастан, қарияға қол ұшын созып, өткен айлардағы зейнетақысын толық қолына берді. Дегенмен де Виктор Сидоркинге әлі талай табалдырықты тоздыруға тура келеді.

Рустам Байжанов, қалалық Қазыбек би ауданы әкімі аппаратының басшысы:

— Бұл жағдайды ретке келтірудің бір ғана жолы бар. Зейнеткер өзінің қайтыс болғандығы туралы ақпарат берген медициналық орталыққа барып, тірі екендігін дәлелдеу қажет. Осыдан соң ғана қарияның есімі марқұмдар тізімінен алынады.

Қарағандылық полиция қызметкерлері болса, Зыряндық зейнеткердің жеке бас мәліметін еншілеп тастаған бейтаныс марқұмның шынымен де кім екенін енді ғана іздестірмек. Ал жайбарақат өмір сүріп жатқан Шығыс Қазақстандық «нағыз» Виктор Сидоркиннен бұл күнде маза қашқан. Егер тәртіп сақшылары көмектеспесе, Алтайдан ары асып көрмеген қарияның өзінің тірі екенін дәлелдеу үшін Қарағанды қаласына жолға шығуы да ғажап емес.