Дәурен Хасановтың туыстары болған жайтқа сене алар емес. Екі айдан соң әскери борышын өтеп келуі тиіс ұлдарын, бүгін табытпен көріп отыр. Сарбазды Ақтау қаласына Шығыс Қазақстан облысынан арнайы бортпен алып келген. Дәл сол жердегі Шағаноба шекара бекетінде 1-ші қыркүйек күні Даурен Хасанов көз жұмған болатын. Басына оқ тиген сарбаз казарма дәлізінен табылған еді.
Тұрар Татмақов, Д.Хасановтың қызметтесі:
— Өзгеше ештеңе байқалған жоқ. Кешкісін тарс еткен дауыс естідік, шықсақ Дәурен жерде жатыр.
Қазірше төтенше жағдайдың жай-жапсары анықталмады. Бірақ сарбаз суицидке барды дегенге туыстары сенер емес. Себебі қайғылы оқиғадан бірнеше сағат бұрын ол әжесімен хабарласып, ештеңеге шағымданбай, барлығының дұрыс екенін айтқан көрінеді. Оның үстіне әскерилердің айтқан түсініктемелері әртүрлі болыпты.
Ерлан Хасанов, Д.Хасановтың ағасы:
— Басында автомат Калашниковтың ішінде оқ қалып, атылып қалды деді. Екіншісі мылтық беретін орында отырғанда мылтық тарату кезінде суретке түсейін деп атып алды дейді. Айналдырып отырып атып алды дейді. Лейтенанттың ПМ мылтығымен атылды дейді ғой оны.
Қайғы жұтқан отбасы ұлдарының офицердің табельдік қаруынан көз жұмғандығы маза бермейді. Бұны әскери бөлім басшылығы да растапты.
Шыңғыс Тоқтасынов, №2017 әскери бөлім командирінің орынбасары:
— Осы жағдайға байланысты қазір құзырлы орындармен тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық бағыттар қаралуда.
Офицердің жеке қаруы қалайша сарбаз қолына тигендігі қазірше белгісіз. Тапанша иесінің сарбаз өліміне қатыстылығы да қарастырылып жатыр.